Ақтауда Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев және облыс орталығының басшысы Ұлықбек Тналиевтің басшылығымен «Қыс-2023» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау болып табылады. Жаттығуға облыс бойынша өңірдің азаматтық қорғау қызметтерінің жеке құрамынан барлығы 887 адам, 272 арнайы техника жұмылдырылды.
«Қыс-2023» РКШЖ 23-24 қараша аралығында Ақтау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының келісімі бойынша ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігінің қаулысына сәйкес өткізілді. «МАЭК» ЖШС ЖЭО-1 Ақтаудағы оқу-жаттығуларын өткізу орындарының бірі ретінде бекітілген болатын.
Жаттығу сценарийіне сәйкес, қардың қарқынды еруі мен жаңбыр, көп мөлшерде жауған бұршақ және қар араласқан жауын-шашынның нәтижесінде қазандықтың үстіндегі шатырдың ішінара бұзылуы, қазандық қорғағышының электр жинағына су тиіп оның ажырауы орын алады, салдарынан қаланы жылумен жабдықтау тоқтап, электр энергиясы да жартылай сөнеді. Төтенше жағдайдағы оқиға орнына келген Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Дағдарыс жағдайлары басқармасының диспетчерлік қызметі ТЖ жою үшін қаланың барлық тиісті қызметтерін хабардар етті.
Командалық-штабтық оқу-жаттығуларды өткізу барысында «МАЭК» ЖШС-нің азаматтық қорғау объектілік құралымдары мен Ақтау қаласының азаматтық қорғау қызметтері мен аумақтық құралымдары басқару органдарының өзара іс-қимылы ұйымдастырылды. Бұл құрылымдар өртті сөндіру және эвакуациялық іс-шаралар бойынша шартты авариялық-құтқару операцияларын жүргізуде өз шеберліктерін көрсетті.
- Жедел-құтқару тобы авариялық-құтқару жұмыстарын сәтті өткізді. Арнайы операцияны орындау кезінде өзара іс-қимыл жасайтын барлық органдар қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою іс-қимылдарына дайын екендіктерін көрсетті, - деп атап өтті қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, Азаматтық қорғау подполковнигі Жандос Кенжебаев.