Бүгін, 4 қарашада энергокомбинат департаменттері мен бөлімдерінің қызметкерлері сенбілікке шығып 15 шағын ауданның жағалау аумағын тазарту жұмыстарын атқарды. Олар әкімдік бөліп берген аумақтағы барлық қоқыстарды жинап, тазартты. Теңіз жағалауында қалдырылған пластикалық және шыны бөтелкелер, қалталар мен кәмпиттер біреу келіп алып тастағанша жағалауды «безендіріп» жататыны анық.
Сенбі күнгі сенбілікке таңертеңнен кіріскен үлкендердің жанында кішкентай балапандар да жұмыс істеп ата-аналарына қолқабыс жасады. Қаламыздың тазалығына атсалысып, жағалауды жарқыратқан әке, аналарының бұл игі ісі балалар үшін керемет үлгі болатыны сөзсіз.
Әкімшілік ұйымдастырып, жөнелткен көліктер МАЭК қызметкерлері жинаған көп қоқысты қала сыртына әкетті.
«Сенбіліктің барлық қатысушыларына атқарған жұмыстары үшін алғыс айтамыз. Біздің бастамамызды қала мен облыстың басқа да еңбек ұжымдары қостайды деп үміттенеміз», - деп атап өтті сенбіліктің бастамашылары, кәсіпорындағы «Қуатты арулар» әйелдер клубының төрағасы Гүлмира Төлегенова.