БН-350 РҚ 130 ғимаратында және ЖЭО-2 аумағындағы №323/4 үй-жайында өртке қарсы кезекті жаттығу өткізілді.
Мұнда жаттығу сценарийі бойынша химиялық элементтерді сақтау бактарын қыздыру және пайдалану процесі кезінде бактардан натрийдің ағуы орын алған.
Оқу-жаттығуларға қатысқан 3 өрт сөндіру машинасы, 11 адамнан тұратын МЕӨҚҚ кезекші қарауылының жеке құрамы оқиға орнына 8 минуттан соң келіп жетті. Мұнда бірден газ-түтіннен қорғау қызметі құрылып, қауіпсіздік бекеті қойылды. Қауіпті аумақта жүргізілген барлау кезінде зардап шеккендер табылған жоқ. Ал мамандар ауданы 12 м² болатын натрийдің шартты тұтану ошағын тауып, оны сөндіруге кірісті.
Оқу-жаттығуды ұйымдастырушылардың айтуынша шартты өртті оқшаулау және жою қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Оқу-жаттығудың барлық қатысушылары өздеріне қойылған міндеттерді ойдағыдай орындады.
- Тренингтің басты міндеттерінің бірі – Мемлекеттік емес өрттен қорғау қызметі персоналының штаттан тыс жағдайдың салдарын оқшаулауға дайындығын тексеру, қызметкерлердің апатқа қарсы және өртке қарсы техниканы қолдану дағдыларын пысықтау. Сондай-ақ, оқу-жаттығуларға тартылған бөлімшелердің өзара іс-қимыл мәселелері пысықталды, - деп атап өтті «МАЭК» ЖШС МЕӨҚҚ басшысы Вусал Юсифов.