26.12.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Президент сайлауы қарсаңында

1 қараша күні Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдаушы сенімді өкілдер Нұрбек Қарасаев, Ақылбай Сапаров, Сембіғали Зәкенов, Анар Шамшадинова, Кирилл Осин, Шамсадин Гусейнов және Раушан Аймұрзаева  кәсіпорын қызметкерлерімен кездесті.

Облыстық сайлауалды штабтың төрағасы, «АМАНАТ» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы  Нұрбек Қарасайұлы еліміздің қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «AMANAT» партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы», «Ардагерлер ұйымы», «QAZAQSTAN TEAM», «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі», «Генералдар кеңесі», «Қазақстандық спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестіктері Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсынғандығын баяндады. Одан әрі үміткердің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, ол бойынша жүзеге асатын көптеген жобалар мен жоспарларға тоқталды. Дамудың барлық саласын қамтитын кешенді бағдарламада халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық берілген, жылдар бойы қордаланған көптеген мәселелерді шешу жолдары қарастырылған.

«Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев «жүрегімнен шықты» деп айтқан бағдарламасында «Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл - Әділетті Қазақстанды құру» деп атап көрсеткен. Сайлауалды  бағдарлама  «Әділетті мемлекет. Әділетті экономика. Әділетті қоғам» деп аталған үш қағидатқа  негізделіп, алдағы 7 жылда атқарылар ірі жобалар мен ауқымды жұмыстарды қамтиды. Сондықтан, үміткеріміздің халықтың әл-ауқатын арттырып, елімізді өркендетуге, біздің көп жылғы армандарымызға қол жеткізуге бағытталған бағдарламасын жүзеге асыруына мүмкіндік беріп, Әділетті Қазақстан құруға атсалысайық, сайлауда дауыс берейік»,-  деді кездесуде сөз алған  «AMANAT» партиясы Ақтау қалалық филиалының  атқарушы хатшысы, қалалық мәслихат депутаты Анар Шамшадинова.

 «Әділетті Қазақстан құру жолында бірге әрекет етуіміз керек. Қоғамдағы өзгерістерге жан-жақты тұрғыдан қарап, шешім шығаруымыз маңызды. Қуатты әрі әділетті қоғамда өмір сүруді қаласақ, соған сай білім арттырайық. Белсенді болайық», - деп үндеді штаб мүшесі Сембіғали Зәкенов.

Кездесуге қатысқан МАЭК қызметкерлері де сайлау туралы ойларын ортаға салып, болашақта Президенттікке ұсынылатын кандидаттарға елдің саяси өмірінде белсенді қызметтер атқарған, репутациясы бұзылмаған, халқының алдында абыройлы әрі танымал тұлғалар қатысуы тиіс және осы талаптар заңға енгізілуі қажет деген ұсыныстарын жеткізді. Сайлау нәтижесіне деген сенімділікті арттыру мақсатында бірқатар шаралар қабылдау қажеттігі де айтылды.

Жиылыс соңында сайлауалды штаб төрағасы Нұрбек Қарасайұлы кәсіпорын қызметкерлерін қоғамның саяси өмірінен тыс қалмай, сайлауға  ұйымшылдықпен қатысып, қалаған кандидаттарына дауыс беруге шақырды.

                                                    «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС баспасөз қызметі