13 жылдан кейін қайта оралған Республика күні мерекесі аясында ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов саланың дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкерлерге мемлекеттік марапаттар табыстады. Салтанатты шара елордамыз Астана қаласында өтті.
Ел тәуелсіздігінің қалыптасу тарихындағы маңызды күнге орайластырылған мерекелік мәжілісте «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС ЖЭО-1 турбиналық жабдықтарын жөндеу шебері Марат Баржиковқа да «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
Марат Мырзабайұлы Баржиков 2003 жылдың қазан айында кәсіпорынның ЖЭО-1 бөлімшесіне 4-разрядты бу-газ турбиналық жабдықтарын жөндеу слесарі болып еңбек жолын бастаған. Содан бергі жылдарда Марат ұжымда өзінің іскерлігімен, шеберлігі және жауапкершілігімен танылып келеді. Ол үнемі өз біліктілігін арттыра отырып, бу-газ турбиналық жабдықтарын жөндеу жөніндегі 4 разрядты слесарьдан 7 разрядқа дейінгі еңбек жолынан өтті.
Бөлімше басшылары Мараттың жылдар бойғы еңбегін бағалап, 2014 жылдың мамыр айында турбиналық жабдықты жөндеу шебері лауазымына ауыстырды.
Әріптестері мен басшыларының айтуынша, Марат еңбекқор және сауатты маман, әрі ұжымдағы көпшілікпен жұмыс істей алатын жауапты қызметкер. Өткен 2021 жылдың соңғы айындағы кәсіби мерекеде Марат Мырзабайұлына «Комбинаттың еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді.
Ал бұл жолы Марат аяқ асты елордаға сапарлап, марапатқа ие болатынын білмеген болатын.
- Энергетика министрі маған медаль береді деп күткен жоқпын. Мен кездесуге тек қатысушы ретінде барған болармын деп ойлағанмын. Күтпеген қуаныш болды. Азды-көпті еңбегімді бағалағаны үшін басшылыққа алғыс айтқым келеді. Мен МАЭКте осыдан 19 жыл бұрын 22 жасымда еңбек жолымды бастағанда тәлімгерлердің жетекшілігімен өз мамандығымды меңгере бастаған жас жігіт едім. Комбинаттағы білікті мамандардың, басшылардың қолдауымен бүгінгідей дәрежеге жеттім. Менің тәжірибелі маман болып қалыптасуыма үлес қосқан барша ағаларға алғыс айтамын. Кәсіпорында оң өзгерістер бар және алдағы уақытта да көп жақсылықтар болады деп сенемін, - дейді Марат Баржиков.
Әріптесімізді марапатымен құттықтаймыз және оның отбасына амандық, еңбегіне жеміс тілейміз!
Гүлбаршын Байназарова