15.11.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Жеңіс тұғырында қыздар

            «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің Қауіпсіздік қызметінде өңкей мықты әрі шыныққан шымыр жігіттер мен қыздар еңбек етеді. Қызметке қабылданатын мамандарға қойылатын талап та осыны міндеттейді. Өйткені, олар өңірдегі ең ірі әрі маңызды кәсіпорынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан да мұндағы мамандар  сайдың тасындай таңдалып алынған. Қызмет басшысы Қаныбек Шайдуллин қарамағындағы қызметкерлерінің бос уақытын спортқа арнап, шеберліктері мен денсаулықтарын шыңдап жүруін үнемі қадағалап отырады. Айтса айтқандай, Қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері түрлі деңгейдегі спорт жарыстарына қатысып, үнемі  жеңісті орындардан көрініп келеді.

            Жақында осы ұжымның құрыш білекті қыздары Дана Дәрібай мен Жазира Таңатар армрестлингтен Қазақстан Республикасының біріншілігіне қатысып, жүлделі екінші орынды иеленді.  Қол жеткен жеңістің арқасында тамыз айында Алматы қаласында болатын Азия чемпионатына және қазан айында Грузия елінде болатын Әлем біріншілігіне лицензиялар ұтып алды. Бұл жарысқа облыстан түрлі салмақтағы 30 спортшы барып, бақтарын сынаған болатын. Солардың қатарында болған біздің қыздардың жүлделі оралуы кәсіпорын үшін үлкен абырой. Дана мен Жазира қазірде алдағы ірі додаларға дайындық үстінде.

            Дана Сапарғалиқызы  қаладағы медицина колледжін тәмамдаған соң көп ұзамай біздің кәсіпорында еңбек жолын бастады. Қазірде Ш.Есенов атындағы университетте психолог мамандығын сырттай оқуда. Мамандығы бойынша жұмыс істемей, біздегі Қауіпсіздік қызметіне жұмысқа келуіне де осы спорт себепші болды. Себебі, ол армрестлингпен  2015 жылдан бері айналысатын, біраз жеткен жетістіктері де болды. 2016 жылы ел біріншілігіне қатысып, жеңімпаздар қатарына іліккеннен кейін ол осы спорт түрінен Қазақстанның құрама командасының мүшелігіне қабылданып, Спорт шеберлігіне кандидат атанды. Ал 2019 жылы Қазақстан Кубогында жүлделі бірінші орынға қол жеткізіп, армрестлингтен  Спорт шебері атағын иеленді.

            Жазира Ибрагимқызы 2013 жылдан бері қол күресімен кәсіби түрде айналысып келеді. Ол алғашында Дене шынықтыру және спорт, кейін  психолог мамандығын алған. 2018 жылдан бері  еңбек жолы біздің кәсіпорынның Қауіпсіздік қызметінде жалғасуда. Бала кезінен спортқа жаны құмар қыз біраз жыл дзюдомен айналысқан, ел біріншілігінде чемпион атанып, Спорт шеберлігіне кандидат дәрежесін иеленген.  Кейін кір тасын көтерумен айналысып, онда да біраз жетістіктерге қол жеткізді. 2016 жылы қол күресінен Қазақстан чемпионатында жүлделі үштікке еніп, осы спорт бойынша еліміздің құрама командасына қабылданды, Спорт шеберлігіне кандидат атанды. Жазира жұмыстан бос кезінде «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде жаттықтырушы болып жұмыс істеп,  жас спортшыларды қол күресіне дайындайды.

            - Біздің осындай жетістіктерге жетуіміз жаттықтырушымыз Роман Исламғалиев ағамыздың арқасы деп білеміз. Себебі, ол кісінің жаттығушыларымен жұмысы өте ерекше, спортқа деген сүйіспеншілікті біз сол Роман Мұстапаұлынан сіңірдік деп ойлаймыз. Барлық жетістіктеріміз үшін ағайымызға үлкен рахмет айтамыз. Сосын біздің кәсіби спортпен айналысуымызға кедергі жасамай, үнемі қолдап, көмектесіп жүрген Қызмет басшысы Қаныбек Шайдуллинге,  учаске бастығымыз Роза Бектілеуоваға алғысымыз шексіз,- дейді спортшы қыздар.

            Дана мен Жазираға күш-қуаттарың артып, білектерің талмай, Әлемдік спорт жарысынан да жүлдемен оралғайсыңдар демекпіз!

                                                                                                          Гүлбаршын Байназарова