Балаларды Қорғау Күні аясында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жергілікті кәсіподақ» Қоғамдық бірлестігі балалар суреттерінің байқауын ұйымдастырды. Кәсіпорынның кәсіподақ мүшелерінің балалары суреттер жарысына өз шығармашылық жұмыстарын сәуір, мамыр айларынан бастап ұсына бастады. Байқау Жеңіс күні, космонавтар, Отанға деген сүйіспеншілік тақырыптарына арналды. Жыл сайын төл мерекелері қарсаңында өткізілетін суретшілер сайысына балалар үлкен белсенділікпен қатысады. Биыл да байқаудың қазылар алқасына 363 бала небір керемет туындыларын ұсынып, таланттарын талқыға салды.
- Балалар күні атаулы күндердің ішіндегі ең жауапты әрі жүрекке жылу сыйлайтын әсерлі мереке. Өткен жылға дейін біздер балаларды қалаға арнайы автобустар жіберіп алдырып, мерекеге арнайы бағдарлама дайындап, комбинаттың орталық алаңында кең көлемде атап өтетінбіз. Елді жайлаған мына жұқпалы індеттің салдарынан балапандарымыз ата-аналары қызмет ететін кәсіпорынға қонаққа келе алмай отыр. Сондықтан біздер екінші жыл қатарынан балалардың суреттер көрмесін ұйымдастырып, байқау өткізудеміз. Балапандарымыздың қылқаламдарынан шыққан шығармалардағы алуан түсті бояулармен бейнеленген көріністерден олардың қиял әлемінің байлығы мен ерекшелігін тануға болады. Олар өз туындыларында Отанға деген сүйіспеншілігі мен аспан әлеміне қызығушылығын, Ұлы Жеңістің, бейбітшіліктің маңызын барынша мағыналы жеткізген. Балаларының осындай шараға қатысуына қолдау жасаған комбинаттың кәсіподақ мүшелеріне үлкен рахмет!, - дейді «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖК» ҚБ төрайымы Ольга Шабунина.
Байқаудың қорытындысымен 5 жастан 7 жасқа дейінгі номинацияда үздік үштікке Данил Костенников, Алина Тюлькина және Алима Махмут кірді.
Ткачук София, Фетисова Алисия және Вагина Дарина 8 жастан 10 жасқа дейінгі номинацияда бірінші, екінші және үшінші орындарды иеленді.
11-15 жас аралығындағы қатысушылардан Чепурнова Владислава, Желкушинова Рита және Лесбай Аяулым марапатталды.
Жеті жасар София Кондратенконың шығармашылық жұмысы «Көрермендердің көзайымы» ретінде танылды.
Балаларыңыздың марапаты құтты болсын ұжымдастар! Ұрпағымыздың ертеңі жарқын болғай!
Гүлбаршын Байназарова