Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 76 жыл толды. Бұл маңызды мереке елді жайлаған жұқпалы дерттің салдарынан екінші жыл қатарынан көпшілік шараларсыз, әскери шерусіз өтуде. Қазірде елдің басты тілегі мына індетпен күресте жеңіске жету болып отыр. Алқымнан алатын ауру ошағын жойсақ, әлі талай мерекелерді өткізіп, халық болып қуанатын күндерге де жетерміз.
Осыдан біраз жыл бұрын кеуделері орден, медальдерге толы ардагерлеріміз сап түзеп, орталық алаңдардағы салтанатты шеруге қатысушы еді. Өр кеуделі батырларды көзбен көріп, олардың ерлік істері жөнінде көп еститін кейінгі ұрпаққа бұл үлкен патриоттық рух дарытатын. Уақыт шіркін зымырап, жылдар жылжып ардагерлеріміздің де қатары сиреп келеді. Қан құйлы соғыста елімізге тұтқиылдан шабуыл бастаған неміс басқыншыларын талқандап, жеңіс туын көтерген ерлердің ісі мәңгілік есте болатыны сөзсіз.
Ұзақ жылдар кәсіпорында еңбек етіп, зейнетке шыққан тыл ардагерлерін Жеңіс күні қарсаңында ұжым мүшелері атынан бір топ қызметкер барып құттықтап қайтты. Әрине, шара барысында онсыз да үлкендік жеңіп, денсаулықтары сыр берген ардагерлердің үйіне қызметкерлер барлық карантиндік шараларды қатаң сақтай отырып, кіріп шықты.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрайымы Ольга Шабунина «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС атынан тыл еңбеккерлері - еңбек ардагерлері Владимир Александрович Тропин, Любовь Вячеславовна Боброва, Талпақ Шадиев, Тамара Васильевна Иванованы мейраммен құттықтап, хал-жағдайларымен танысты.
Жалындаған жастық шақтары Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келген олар бар күш жігерін жауды жеңуге, елде қалғандары майдан даласындағы жауынгерлерді жарақтандыруға, соғыстан соң елді, экономиканы қалпына келтіруге арнады. Біздің ардагер зейнеркерлеріміз соғыс жылдарындағы қиыншылықтар мен сынақтардан өтіп, кейін Маңғыстауды көтеруге, мұндағы өмірлік ресурстар өндіретін ең ірі кәсіпорынның қалыптасуына атсалысты. Мысалы, Владимир Александрович Тропин атом реакторын жобалаумен, монтаждаумен және пайдалануға берумен айналысты және тек 2016 жылы 89 жасында зейнетке шықты. 1972 жылы колледжді бітіріп келіп, осында еңбек жолын бастаған Любовь Вячеславовна Боброва 27 жыл бойы БН-350 РҚ бөлімшесінде лаборант болып жұмыс істеді. Ал Талпақ аға Дистиллят дайындау және өнеркәсіптік жылу сумен жабдықтау зауытында 22 жыл слесарь болып жұмыс істеді.
- Комбинат ұжымы бізді ұмытпайды, көңіл бөліп, үнемі қолдау көрсетіп отырады. Ол үшін алғысымыз шексіз. Баршаңызға бейбітшілік пен амандық, отбасыңызға бақыт тілеймін!, - дейді комбинатта 19 жыл қызмет еткен еңбек майданының қатысушысы әрі Ұлы Отан соғысына қатысушы ардагердің жары Тамара Васильевна Иванова.
Комбинат өкілдері еңбек майданының ардагерлеріне олардың ел мен қоғам игілігі жолындағы еңбегі үшін алғыстарын жеткізіп, құрмет көрсетті, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтарын табыс етті.
Гүлбаршын Байназарова