Жақында «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай және волейбол ардагері Наталья Георгиевна Вахтинаны еске алу шаралары аясында жарыс болып өтті. Екі күн бойы облыстың 6 әйелдер командасының ең жетекші волейболшылары шаршы алаңда топтық жүйе бойынша сайысқа түсті.
Ең мықтылар қатысқан ойындағы керемет доп алмасулар, ойластырылған комбинациялар, дәл соққылар көрермендерді таң қалдырды. Жарыс шиеленісті әрі қызықты өтті. Үздік нәтижелерге барлық партияларды жеңіп алған «Аршат», «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» және «Каспий» командалары қол жеткізді.
Жарыс қорытындысында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» командасы Аршат» командасына жол беріп, жарыстың күміс жүлдегері атанды. Көшбасшылар үштігіне «Ақтау» командасын жеңген «Каспий» командасы да кірді.
- Жарыстың басты мақсаты - ардагер волейболшы Наталья Георгиевна Вахтинаны еске алу, Қазақстан халқының бірлігі күнін достық матчпен атап өту. Волейбол - бұл командалық спорт, сондықтан жарыстың нәтижесі команданың барлық мүшелерінің күш-жігеріне байланысты болады. Біздің қыздар жарыс барысында тамаша ойын үлгісін көрсетті. Спорт алаңындағы достық атмосфераға қарамастан, ешкім де жеңілгісі келмеді, бәсеке матч қызықты әрі эмоционалды өтті. Сайыс соңында әр қатысушы лайықты марапатқа ие болды. Волейболшы қыздарға естелік сыйлықтар табысталып, жүлдегерлер мен жеңімпаздар Алғыс хаттармен марапатталды, - деп атап өтті «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» құрама командасының бас бапкері Қаныбек Шайдуллин.
Жарыс жеңімпаздары, кәсіпорынның волейболшы қыздарын кезекті жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да спорттық табыстар тілейміз!