Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2021 жылғы 21 қаңтардағы бұйрығымен Есентүгелов Талғат Арыстанұлы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Бас директоры болып тағайындалды.
ҚР Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов жаңадан тағайындалған басшыны энергокомбинат ұжымымен таныстырды. Сондай-ақ, тұтынушыларды энергоресурстармен үздіксіз қамтамасыз етуге байланысты кәсіпорын басшылығы тарапынан шешімін күтіп тұрған бірқатар мәселелерге тоқталып, бұл турасында жаңа басшыға үлкен сенім артылып отырғандығын жеткізді.
- МАЭК қай кезде де өзінің аса тәжірибелі кадрларымен танымал. Кеңес жылдарында мұнда тек қана қызыл диплом алған мамандар ғана жіберіліпті. Әлеуметтік мәселелер, өндіріс жабдықтарын техникалық жаңғырту, маркетинг және өнімді өткізу - бүгінгі күні кәсіпорын үшін өзекті мәселелер екенін білемін. Бұл жұмыстарды қалай жүргізу керектігі туралы нақты жоспарларым бар және алдағы уақытта өздеріңіздің қолдауларыңызбен біз бәрін де жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын. Сенім білдіргендеріңіз үшін рахмет, - деп атап өтті жаңа басшы Талғат Есентүгелов.
Гүлбаршын Байназарова