Тарихы әріден басталатын Маңғыстау жартыаралының қойнауы байлыққа, жазық даласы киелі орындар мен қасиетті қорымдарға толы. Түбекте жүздеген тарихи ескерткіштер мемлекеттің қорғауына алынған. Олардың қатарында ашық аспан астындағы мұражайлар, тарих және мәдениет ескерткіштері мен ескі мешіттер бар.
Солардың бірі Маңғыстау ауданы Сайөтес кентінің маңында орналасқан Толыбай қорымын 2017 жылдан бастап «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС өз қамқорлығына алған болатын. Жақында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорынның Күрделі құрылыс департаменті мен Жөндеу-құрылыс цехының бір топ қызметкерлері сол жаққа сапарлап барып, сенбілік өткізді. Периметрі 600 метр болатын қорым қоршауының 197 дана металл тіреулері, қақпалары сырланып, жағалай тартылған 150 метр сым тростары ауыстырылды. Жігіттер аталар рухына құран бағыштап, ескерткіштің жөндеуді қажет етіп тұрған біраз жерлерін жаңартып, жаңғыртып, аумақты қоқыстардан тазартып, сауапты іс тындырып қайтты.
XVIII ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы мемориалдық-ғибадат ескерткіштері тобына кіретін Толыбай қорымы күмбезді үш кесенеден, құлпытастар мен сағанатамдардан тұрады.
Гүлбаршын Байназарова