11 сәуірде Ақтауда 2024-2025 жылдың жылу маусымы ресми түрде аяқталды. Жылу кезеңінде тұрғындар мен объектілер ыстық су және жылумен тоқтаусыз қамтамасыз етіліп, кәсіпорын тарапынан шектеулер болған жоқ. Маусымға дайындық барысында комбинаттың екі жылу электр орталығында төрт қазандық агрегатына, екі турбогенераторға және қазандық қондырғыларына күрделі жөндеу жүргізілді. 2024 жылдың жазында Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының тапсырысымен мердігер ұйымдар 15 км магистральдық жылу желілерін қайта жаңартты. Сондай-ақ, ЖЭО-2 - ЖЭО-1 бағыты бойынша ұзындығы 0,433 км диаметрі 1000 мм жылу құбырының тікелей желісі учаскесін күрделі жөндеудің жетінші кезеңі аяқталды.
Ұжымның қажырлы еңбегінің арқасында кәсіпорын күзгі-қысқы кезеңде облыс орталығын жылумен сенімді қамтамасыз етті. МАЭКтің өндірістік жұмысының тұрақтылығы бекітілген температуралық кестеге сәйкес ыстық судың температуралық режимін сақтауға мүмкіндік берді. Жылу кезеңіндегі орташа жылу шығыны 260 Гкал/сағ құрады, ал күзгі-қысқы кезеңнің ең суық күндерінде ол 371 Гкал/сағ. болды. Жылу маусымы аяқталғаннан кейін іле келесі қысқа дайындық жұмыстары басталып, Ақтау қаласындағы магистральдық және тарату жылу желілерінің құбырларына «КЖСА» МКК-мен бірлесіп 24 сәуірге дейін гидравликалық сынақтар жүргізілді.
Ақтау қаласының тұтынушыларын жылумен және электр энергиясымен алдағы жылы да сенімді қамтамасыз ету үшін кәсіпорын келесі жылу кезеңіне дейін станцияларды 2025-2026 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындау жоспары аясында негізгі энергетикалық жабдықтарды алдын ала жоспарланған кестеге сәйкес жөндеу жұмыстарын жалғастыратын болады.