28 сәуірде Ақтау қаласында «МАЭК» ЖШС-нің 2024 жылға арналған реттелетін қызмет түрлеріне бекітілген тарифтік сметалардың, инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есебі» тақырыбында қоғамдық тыңдау болып өтті.
Шараға Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облыстық департаментінің және «Каспий жылу, су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының өкілдері мен облыс орталығының тұрғындары қатысты.
Қоғамдық тыңдауда кәсіпорын Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Жанат Көшмағамбетова баяндама жасады. Ол жылу энергиясын, ауыз суды, техникалық және ыстық суды өндіруге кететін шығындар сметасы мен құрылымына талдау жасады. Сондай-ақ, реттелетін қызмет түрлері бойынша кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері және комбинат өндіретін ресурстардың барлық түрлері бойынша инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы ақпараттармен таныстырды.
Сонымен қатар, Жанат Сатқалиқызы «МАЭК» ЖШС-нің 2024 жылы қол жеткізген тиімді қызмет көрсеткіштері туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі.