Қабиболла Сыдиықов атындағы облыстық кітапханада белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР ақпарат саласының үздігі Анар Шамшадинованың «Сен келерсің бір күні» атты жаңа кітабының тұсаукесері болып өтті. Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, ақын, ҚР Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова және ақынның өлеңдерін сүйіп оқитын бір топ жырсүйер қауым қатысты. Шараға арнайы келген қонақтар ақын поэзиясының көркемдік ерекшелігіне, шығармашылық шеберлігіне тоқталып, жаңа туындыға құттықтау, тілектерін арнады.
Анар Шамшадинова шебер ақын, журналист қана емес, сонымен қатар қоғам белсендісі ретінде де танымал тұлға. Ол баспасөз саласынан бөлек «Аманат» партиясы қалалық ұйымының төрағасы қызметін атқарып, халық игілігі жолындағы жаңа бастамаларды жүзеге асыруға атсалысты. Анар облыстағы дарынды жастар мен жас ақындарды қолдайтын «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі. Ол 2021 жылы Мәдениет және ақпарат Министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» белгісімен, 2022 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» медалімен, ал осы жылдың ақпан айында Дүниежүзілік мемлекеттік емес ұйымдар күні қарсаңында облыстық Мәслихаттың шешімімен «Азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Қазірде Анар облыстағы ең маңызды кәсіпорындардың бірі «МАЭК» ЖШС-де еңбек етуде. Атаулы шараға кәсіпорын басшылығы атынан Бас директордың орынбасары Мұхит Балхожаев қатысып, ақынды жаңа туындысымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.