Бүгін еліміздің барлық аймақтарында халықтың төтенше жағдайларға дайындығын арттыру мақсатында сейсмикалық жаттығулар болып өтті. «МАЭК» ЖШС ұжымы да жалпы халықтық шараға жұмыла қатысып, жер сілкінісі кезіндегі қорғану іс-қимылдарын пысықтады.
Қызметкерлер аумақтағы дабыл қаққыштардан берілген ескерту сигналдарының даусын естіген бойда тез арада ғимараттардан шығып, қауіпсіз аймақтарға барып тұрды. Оларға жер сілкінісі кезінде ғимараттардан шығатын эвакуациялық жолдар, сыртқа шығатын қосымша есіктердің бағыттары көрсетілді.
– Бұл іс-шараның мақсаты – энергокомбинат қызметкерлерін сейсмикалық белсенділік кезіндегі іс-әрекеттерге үйрету. Қызметкерлер жер сілкінісі кезінде өзін-өзі қалай ұстау керектігіне және бос дүрбелеңге жол бермей қорғаныс шараларын жасап, зардап шеккендерге көмектесіп, қауіпсіз аймаққа шығару сияқты іс-қимылдарға жаттықтырылады. Сонымен қатар, барлық жауапты қызметтердің өзара іс-қимылы нақтыланады. Алматы қаласында осы жылдың қаңтар айында болған жер сілкінісі еліміз аумақтарында осындай жаттығуларды жиі өткізу қажеттілігін тағы да негіздеді. Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын, – дейді кәсіпорынның Жұмылдыру жұмысы, азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Асылғали Мендигалин.