«МАЭК» ЖШС басшылығы «YNTYMAQ» кәсіподақ өкілдерімен кезекті кездесуін өткізді.
Кездесуде әлеуметтік қатынастарды жетілдіру, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны ұлғайтуға қатысты мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылды, жауапты басшыларға тапсырмалар берілді. Басшылық пен қызметкерлер арасындағы диалог өзара түсіністік жағдайында өтті, жұмыскерлер тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауаптар қайтарылды.
Бұл комбинаттың бас директоры Қайрат Рахимовтың ұжыммен алғашқы кездесуі емес. Жұмыскерлермен жиі кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, талап-тілектерін назарға алу аса маңызды. Өйткені, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың тұрақтылығы кәсіпорындағы өндірістік қызметтің де тұрақты болуының кепілі.
Осы жауапкершілікті ескере отырып, басшылық ұжыммен ай сайын кездесу өткізіп отыруға шешім қабылдады. Бұған дейінгі кездесулерде көтерілген көптеген мәселелер бойынша берілген тапсырмалар мен қабылданған шешімдер біртіндеп орындалуда.
Комбинат қызметкерлері басшылармен болатын бас қосуда тек өз талап-тілектерін жеткізумен ғана шектелмей, жабдықтарды жаңғырту, өндіріс жұмысын жандандыруға байланысты да ұсыныс-пікірлерін ортаға салады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, өзара пікірлесіп, бірігіп іс-қимыл жасау кәсіпорынның табысты қызметінің бастауы болатыны сөзсіз.