«МАЭК» ЖШС-де Ақтау қаласы прокуратурасының өкілдері кәсіпорын қызметкерлерімен кездесуі өткізді. Профилактикалық әңгіменің тақырыбы өзекті ғана емес, сонымен қатар өте маңызды болды – Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдердің психологиялық ерекшеліктері, олардың мінез-құлқын қалыптастыру сияқты мәселелерде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қоғамның назарын аудару. Бұл ретте, ең алдымен мектептермен тығыз байланыс орнатып, күш - жігерді біріктіру маңызды болмақ. Мәселен, бүгінгі таңда әрбір орта мектепке қалалық прокуратураның жауапты қызметкерлері бекітілген, олар оқушылармен және олардың ата-аналарымен мезгіл-мезгіл профилактикалық кездесулер өткізіп тұрады.
Ақтау прокурорының орынбасары Берік Ходжаев өз сөзінде жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар және олар үшін жауапкершілік шаралары туралы айтып, бүгінгі таңда жастардың көпшілігі өздері жасаған құқық бұзушылықтар салдарының ауырлығын түсінбейтінін атап өтті.
Қадағалау органының қызметкері комбинат қызметкерлеріне ата-аналардың балаларына қатысты міндеттері туралы заңнаманы түсіндірді. Өкінішке орай, кәмелетке толмағандар арасында әртүрлі заңсыз әрекеттер жиі орын алуда.
Кездесуде қатысушылардың бірқатар маңызды сұрақтарына жауап берілді. Еңбек ұжымдарымен профилактикалық кездесулер мақсатында қалалық прокуратура басшыларының сапарларын өткізу жалғасуда.