«МАЭК» ЖШС-де Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай кәсіпорында қызмет ететін Ауған соғысы жауынгерлеріне құрмет көрсетілді. Бүгінгі таңда комбинатта 1979-1989 жылдары Ауғанстанда халықаралық әскери борышын өтеген 17 адам жұмыс істейді.
Ауған жауынгерлерін «МАЭК» ЖШС Басқарма төрағасы – Бас директоры Қайрат Рахимов құттықтап, олардың ауғандықтардың бейбіт өмірі үшін сіңірген еңбегін атап өтті.
– Кеңес әскерлерін Ауған Республикасының аумағынан шығарған күн - өте маңызды күн. Бұл еске алу күні ғана емес, сонымен қатар, батылдық пен батырлықтың айғағы болған күн. Сіздерге өңір басшысы және кәсіпорын ұжымы атынан жауынгерлік ерліктеріңіз, бейбіт өмірдегі адал қызметтеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Сізге денсаулық, амандық және бақыт тілеймін, - деді Қайрат Болатұлы өз сөзінде.
Іс-шара аясында барлық қатысушыларға Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Өз кезегінде Ауған ардагерлері өз өмірлерінен өткен соғыс туралы әңгімелеп, кәсіпорын басшылығына көрсеткен құрметі үшін алғыс білдірді, елімізге ашық аспан мен бейбітшілік тіледі.
Әсерлі өткен кездесудің соңында қонақтар естелік ретінде ұжымдық фотосуретке түсті.
15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні. Бүгін Ақтаудағы Жеңіс бульварында әскери қақтығыстар ардагерлерінің қатысуымен «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтары қойылған естелік митинг өтті.