Бейбіт елдің берекесін кетіріп, қайғы арқалатқан бұл соғыс он жылға созылған еді. Үкіметтің кенеттен қабылдаған бұл шешімі ұлдары кәмелет жасына келген әр отбасына уайым әкелді. 22 000 қазақстандыққа тағдыр талайымен шет ел асып, әскери борышын соғыста өтеуге тура келді. Қиян-кескі ұрыс даласында 924 сарбаз мерт болып, 1015 жауынгер мүгедек болып оралды. 21 адам хабар-ошарсыз кетті.
«Күш-жігері мен әл-қуаты мол, интернационализм идеяларын бойына сіңірген, Отан алдындағы борышын адал атқарған және өз болашағына имандай сенген жас ұрпақ осынау үлкен саяси ойынның құрбандығына шалынды. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды... Иә, өлгендер қайтіп келмейді, бірақ, соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз»,-деді өз сөзінде ҚР Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев.
Биыл КСРО әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 29 жыл толды. Бұл күні соғыстың құрбандарын еске алу үшін ақтаулық ауған соғысының ардагерлері қала орталығындағы «Мәңгілік алау» жанында жиналды. Алдымен Ұлы Отан соғысы құрбандарын еске алып, гүл шоқтарын қойды. Одан әрі шара 7 шағын ауданда орналасқан Ауған соғысы құрбандарына арналған ескерткіш жанында жалғасты. Митингке қатысқан қала әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова ардагерлер алдында сөз сөйлеп, бұл күннің маңызы мен ерекшелігіне тоқталды.
Қатысушылар арасында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-де қызмет ететін 16 ауған соғысы ардагерлері бар. Жыл сайын бұл күнгі ұйымдастыру шараларына белсенді араласатын комбинаттың кәсіподақ ұйымы биыл өз ардагерлерінің кеудесіне кәсіпорынның 50 жылдық мерей тойының логотипі бейнеленген лента тақты.
«Бүгінгі күн сіз бен біз үшін жүректерімізге мәңгілік жүк болған сонау соғыс жылдарын, ұрыс даласынан оралмаған қаруластарымызды еске алатын ауыр күн. Иә, біз алдымыз 18 жасқа жаңа толған жап-жас жігіттер едік. Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан тұста жат елдің жұртында небір зұлымдықтарды көріп, қанқұйлы соғысты басымыздан өткеруге тура келді. Біраз жолдастарымыз көз алдымызда оққа ұшты. Біз бақытты балалық шақ өткердік, орта мектеп тәмамдадық. Достығы мен татулығы жарасқан одақтас республикалар елінде жайбарақат өмір сүрдік. «Соғыс деген сонау 45-ші жылы ардагер аталарымыздың жеңісімен аяқталды»,-деп ойладық...Бірақ, бізге де соғыс ардагері атану бұйырады екен деп ойламаған едік. Әттең, үкіметтің кенеттен қабылдаған шешімі біздің өмірімізді өзгертті. Қару асынып, шекара асуға тура келді. Ендігі жерде мұндай сұмдықты ұрпағымыз көрмесін. Болашағымыз жарқын, аспанымыз ашық болсын! Ауғаннан оралмаған отандастарымызды бір минут үнсіздікпен еске алайық»,- деді Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің облыстық одағының төрағасы Байрам Мамедов. Бір минут үнсіздіктен кейін қаза болған жауынгерлер рухына арналып, аспанға үш мәрте оқ атылды.
Кездесу соңында ардагер Серік Қайырғалиев өзінің «Мен ораламын» атты шығармасын орындады. Ораламын дегенмен отбасына қайта алмай, өрімдей болып өмірден өткен жолдастары есіне түскен жігіттер көздеріне жас алды.