Жадыраған жаздың алғашқы күнімен бірге бүлдіршіндер мейрамы- халықаралық балаларды қорғау мерекесі де келіп жетті. Өткен ғасырдың елуінші жылынан аталып өте бастаған осы маңызды мереке биыл 70-ші рет балаларды қуанышқа бөледі. Елді жайлаған жұқпалы дертке байланысты шектеу шаралары мерекені кеңінен атап өтуге мүмкіндік бермеді. Дегенмен, балаларымыз бұл күні назардан тыс қалған жоқ, түрлі шаралар ұйымдастырылып, сыйлықтар да үлестірілді.
Біздің кәсіпорынның кәсіподақ ұжымы жылдағы дәстүрмен қызметкерлердің балалары мен немерелері арасында сурет байқауын өткізді. Оған 5 пен 15 жас аралығындағы 350-ден астам жас таланттар қатысты. Балалар Жеңістің 75 жылдығы, Ұлы Абайдың 175 жылдығы және «Коронавирус – біз сені жеңеміз!» тақырыптарына мағыналы суреттер салып ұсынды.
Байқау тақырыбының күрделілігіне қарамастан балалардан келіп түскен шығармалар бірінен бірі өтеді, жеңімпазды таңдау да оңай болмады. Белгілі суретшілерден арнайы сабақтар алып, сурет салудың қыр-сырын меңгерген шебер суретшілер де бар. Байқаудың қорытындысы бойынша 3-тен 7 жасқа дейінгі жаста: Ержан Меңдібай (әкесі: Б. Бектұрғанов, ЖЗ) жеңімпаз атанды, екінші орынды Алтын Усеева (әкесі: Ж.Усеев, ҚҚ.), үшінші орынды Жанарыс Ашықкалиева (әкесі: Ж.Ашыққалиев, ҚҚ) иеленді. 8-10 жас аралығында жүлделі орындарды: 1 орын – Аделя Есекенова (әжесі: Л.Н.Попова, ӨҚ) 2 орын – Настя Токарева (анасы: Н.А.Токарева, ТЭЦ-2), 3 орын Асемай Нурланкызы (анасы: М. Атшыбаева, Қ/ш) жеңіп алды. 11-15 жас аралығында жүлделі бірінші орынды Сымбат Артеева (әкесі: Б.Артеев К/Б), 2 орынды Арина Новосельцова (немересі А. Нуркасимов, ТЭС), 3 орынды Ару Таргынова (анасы:Г.Мергенова,ЖЗ) иеленді. «Көрермен көзайымы сыйлығына» Асан Назия (анасы: Б.Абдуллаева, К/Б) лайық деп табылды. Барлық жеңімпаздарға «Балалар әлемі» сауда орталығынан ұнатқан киімдері мен ойыншықтар сатып алуға сертификаттар берілді.
Гүлбаршын Байназарова