2020 жыл – Еріктілер жылы
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялағаны белгілі. Қауіпті індеттің таралуына байланысты туындаған қиындықтармен басталған бұл жылы шын мәнінде жүрегі жұқа, иманы түзу, жанашыр жандардың көмегін қажет ететін небір жағдайлар орын алды. Осы тұста азаматтар «Біз біргеміз!» деп ұрандап, қандай ауыртпалықты болмасын жұмыла көтеретін, елдігін жоғалтпаған халықтың нағыз ерлері екенін көрсетті. Дүниені дүрбелеңге салған коронавируспен қабат пневмония дертінің ушыққаны сонша ауруханаларға ауыр жағдайлы науқастар үсті-үстіне әкелінді. Өкпесі қысып, дем жетпеген жандарға ең бастысы кислород баллондары мен ИВЛ аппараттары, қажетті дәрі-дәрмектер жетіспеді. Ал бар баллондардың өзін 2-3 сағат сайын қайтадан кислародпен толықтыру қажет болды. Осының бәрін онсыз жетіспей жатқан дәрігерлер атқарып үлгере алмас еді.
Міне, осындай күрделі кезеңде ауруханалардағы әрбір адамның өмірі үшін күреске еріктілер көмекке келді. Олардың қатарында қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлер, түрлі салаларда қызмет ететін елге белгілі тұлғалар да бар. Ақын Айнұр Тұрсынбаева бастаған көптеген қыз-келіншектер де қаражат жинап, қажетті аппараттар мен дәрілерді тегін жеткізіп берді. Ақтау қаласының шағын аудандарының тұрғындары, уақытша демалыста жүрген мұнайшылар, әкімшілік қызметкерлері бірігіп, кисларод баллондары мен демалу аппараттарын жеткізіп, арнайы кесте құрып, күні-түні кезекпен жұмыс істеді. Осылайша, қайырымды жандардың жанкешті еңбегінің арқасында талай жандар құлан таза айығып, отбасыларына оралды. Көптеген еріктілер қала, ауылдардағы зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге қатысса, енді біреулері жағдайсыз жанұяларға азық-түлік жеткізіп беруге атсалысты.
Көп ұзамай Қазақстанға бірнеше шетелдерден гуманитарлық көмекпен медициналық құрал-жабдықтар да келіп жетті. Сол ауыр күндердегі жомарт жандардың маңдай тері еш кетпеді, бүгінде жағдай түзеліп, жазылып шыққандар саны артуда.
Гүлбаршын Байназарова