Жөндеу зауытының жігіттері ұйымдастырған осы ізгілікті шараның куәсі болған соң «газетімізге жазайық» дегенбіз. Олар үзілді-кесілді қарсы болды, «Бұл бір имани шара. Жасаған жақсылығымызды жарияламай-ақ қойсақ» деп. Әбден дұрыс, бұл нағыз мәрттік. Кейбір бай-қуатты адамдардың жасаған титтей жақсылығын ауыз толтырып айтып, мақтанып тұратындарын көріп жүрміз. Ал адамгершілігі биік, жүрегі мейірімге толы жандар үшін бұл қалыпты жағдай, қолдан келер жақсылығын жасап үнемі алғыс алып жүреді.
«Жаңа жыл қарсаңында біздің ұжымның жігіттері біраз ақша жинап, қайырымдылық шарасын жасасақ деп шештік. Өйткені, түрлі-түрлі тағдыр бар. Біреудің баспанасы жоқ, біреу мүгедектер бағып отыр, бірі көп балалы дегендей. Нарыққа байланған заманда тұрмысы қиындап, басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жеткізе алмай қиналып жүргендер де бар. Сондай жандарды бір қуантсақ дедік»,-дейді Жөндеу зауытының 6 санатты слесарі Оспан Естетов.
«Елдің бәрін жарылқау әрине, мүмкін емес. Беретін азық-түлігіміз молырақ болсын деп үш отбасына бөліп бердік. Семіз қойды сойып төрт жіліктен бөлдік, картоп, күріш, қант, ұн, шемішкі май, балаларына тәтті сусындар, түрлі конфеттер мен печеньелер т.б. молынан салып апардық. Мүжәлсіз жанұялардың мекен-жайларын мешіт қызметкерлері берді. Айтқандай, адам аяғандай жағдайда өмір сүріп жатқандар да бар екен. Күтпеген жерден жасаған біздің сыйлығымызға үлкендері де, балалар да риза. Оларға қосылып өзіміз де мәз болдық»,- дейді зауыт слесарі Ербол Қазтұрғанов.
Халқымыздың «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөзін алға тартып, біз де ұжымдастардың игілікті ісі өзге әріптестерімізге үлгі болсын деген мақсатпен осы бір шара жөнінде әңгімелегенді жөн көрдік. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген даналық сөз бар. Ендеше, үнемі жолымыз болып, жүзіміз жарқын жүру үшін де сауапқа жазылар жақсылықтарымызды аямайық ағайын!
Гүлбаршын Байназарова
баспасөз қызметі