17.04.2025 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0.07-0.10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

 

Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!

                                                                                                                                                                                                                                                                                       

Амал күні қазағым көріседі,

                                                                             Көрісу, бұл – көненің желісі еді.

    «Жасың құтты болсын!» деп жамырасып,

                  Ақ ниетпен адал қол беріседі.

                                                                                Көріседі – «Көңілдер жібісін» деп,

                                                                                               Көріседі – «Тасысын ырысың!» деп.

                                                                                       Көріседі – «Көк мұз да жылысын» деп,

                                                                                    Көріседі – «Оң болсын Ұлысың!» деп...

 

Рахат Қосбармақ

        

      Амалдың алғашқы күнін алдыменен тойлауды дәстүрге айналдырған «МАЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  ұжымы бұл жаңа жылды да көтеріңкі көңіл күймен, бар сән-салтанатымен қарсы алды. Таңертеңнен тай қазандар асылып, киіз үйлер тігіліп, түске қарай кәсіпорын қызметкерлері орталық алаңға жиылды.

      Кәсіпорынның бас директоры Кинис Орақов жиналған қауымды комбинат басшылығы атынан құттықтап,  «Жаңа жыл құтты, берекелі болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деген ақ тілегін арнады.  Амал тойы шалқыған ән, шат-шадыман мерекеге жалғасты.

      Жиналған көпшілік бірін-бірі құттықтап, қол алысып көрісіп, жақсы тілектерін арнауда. Жайылған дастархандарға түрлі ұлттың ас мәзірлері қойылған. Амал мерекесі өткен жылдан бері қасиетті Рамазан айымен қатар келуде. Сондықтан, биыл да тігілген киіз үйлер саны қысқартылып, ондағы дастархандар да ықшамдалып жайылды.

      Түрлі  ұлт өкілдері еңбек ететін комбинат ұжымы жыл сайын Наурыз мерекесін кең көлемде атап өтуге мән береді. Ұйымдастыру алқасы да әр жылғы шараларды біріне бірін ұқсатпай, мерекелік бағдарламаларды түрлендіріп,  қызықты, тартымды болуын басты назарда ұстайды. Биылғы өткізілген ұлттық киімдер байқауы, арқан тарту, ләңгі тебу, гір тасын көтеру жарыстары да сонысымен ерекшеленді.

       Үстіне киген оюлы шапандары мен қалпағы  сыр-сымбатымен үйлескен жігіттер арасында Қауіпсіздік қызметінің серісі Мұхамбет Найзабеков 1 орын,  ЖЭС слесарі Мансур Тәжімбетов 2 орын,  Жөндеу зауытының слесарі Нұрлыбек Кішкенбаев 3 орынды иеленді. Қос етек көйлек, кажекей мен камзол  киген маэктің қыз-келіншектерінің келбетінен көзің сүрінеді. Шашбаулары сыңғыраған арулардың алдында ақ жаулықты әжелер де келеді. Байқау нәтижесінде, Қауіпсіздік қызметінің аруы Зиба Далова жеңімпаз атанды. 2,3 орындарды  Қойма шаруашылығының еңбек жөніндегі инженері Рабиға Төкенова мен ДӨжӨЖСЖЗ зертхана басшысы Бақыткүл Абдикаримова бөлісті.         

       Одан әрі комбинаттың ең мықты жігіттері 16 килолық гір тасын көтеріп, жарысқа түсті. Бұл жарыстың жеңімпазы белгілі спортшы, БӨҚжА ЖЦ электр слесарі Игорь Трифонов болды. 2 орын Технология және байланыс қызметінің электр монтері Рысбек Сарсенғалиевқа, 3 орын Қауіпсіздік қызметінің қызметкері Талғат Әділханға бұйырды.

       Алаңның бір бұрышында жігіттер жағы жиналып, кезек-кезек ләңгі теуіп жарысты, балалық шағын да еске түсіріп, бір жасап қалды.  Ойынның жеңімпазы БН-350 реактор қондырғысы  бөлімшесінің слесарі Жеткізген Смагулов, 2 орында Серік Ибадуллаев, 3 орында слесарь Әлібек Байназаров.

      Бөлімшелер арасында ұйымдастырылған  «Арқан тарту» жарысында Жөндеу зауыты барлық қарсыластарынан басым түсіп, 1 орынды иеленді. 2 орында Қауіпсіздік қызметі, 3 орында ЖЭС.       

      Мереке соңында барлық жеңімпаздарға Алғыс хаттар табысталып, қаржылай сыйлықтар берілді.                       

      Амал күнгі ақ жарқын мерекенің қызығы түс ауғанша жалғасып, көпшілік көңілді тарасты.