МАЭК спартакиадасы аясында өткізілген ерлер командалары арасындағы волейбол жарысы өз мәресіне жетті.
Айналмалы жүйе әдісімен өткізілген жарыс бір аптаға созылып, командалар жүлделі орындарға ие болу үшін барын салды. Әйтсе де, қатысушылардың табандылығына, шеберлігіне қарамастан, ойын тәртібі бойынша бірінші орын тек бір командаға бұйырды. Шиеленісті әрі тартысты өткен ойындар нәтижесінде Қауіпсіздік қызметі жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орынды Комбинат командасы/ БӨжАҚ ЖЦ, ал үшінші орынды ЖЭС командалары иеленді.
«Волейбол – командалық спорт түрі. Сондықтан, мұнда тек команданың барлық мүшесі белсенді, әрі мықты болғанда ғана жеңіске қол жеткізуге болады. Бұл жолғы жарыста біздің қызметтің жігіттері біріккен, үйлесімді іс-қимыл шеберлігі нәтижесінде жарыс жеңімпазы атанды, - деп атап өтті Қауіпсіздік қызметінің басшысы, МАЭК құрамасының тренері Қаныбек Шайдуллин.
Финалдық ойын қорытындысында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мұрат Ізбаев жеңімпаз командаларға жарыс кубогы мен грамоталар табыстады.