Атом саласы қызметкерлерінің күнін 28 қыркүйекке бекіту туралы Жарлыққа қол қойылған 2008 жылдан бері атомшылар биыл өздерінің кәсіби мерекесін он алтыншы рет қарсы алды. Еліміздің стратегиялық маңызды экономикалық салаларының бірі болып саналатын Атом өнеркәсібі қызметкерлері күнін «МАЭК» ЖШС БН-350 реакторлық қондырғысы ұжымы да салтанатпен атап өтті.
Алдыменен сөз алған кәсіпорынның бас директоры Кеңес Орақов мереке иелерін кәсіби мерекемен құттықтады: «Қазақстандағы атом саласының қалыптасуы мен дамуында біздің кәсіпорын басты маңызға ие. Комбинатта әлемдегі ең алғашқы жылдам нейтронды энергетикалық атом реакторы іске қосылып, ұзақ жылдар бойы оның апатсыз қызметі қамтамасыз етілді. Бүгінде бөлімше мамандары реакторды пайдаланудан шығару бойынша жауапты жұмыстарды сапалы әрі тиімді жүзеге асырып, аға ұрпақтың бастаған ісін абыроймен жалғастыруда. Мемлекет Басшысының Жарлығына сәйкес 6 қазанда өткізілетін Атом электр станциясын салу бойынша республикалық референдумға да алғашқы дауыс берушілер қатарында БН-350 Реакторлық қондырғысының қызметкерлері болады деп сенемін. Өйткені сіздер бұл мәселенің маңыздылығын білесіз және терең түсінесіз. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтап, отбасыңызға амандық, еңбегіңізге жеміс тілейміз!
Одан әрі кәсіпорын басшысы атом саласының дамуына қосқан елеулі үлесі, кәсіби қызметте жеткен жоғары нәтижелері үшін реакторлық қондырғының бірқатар қызметкерлері мен еңбек ардагерлерін Қазақстан Ядролық қоғамының «Қазақстан Республикасының атом саласына еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен, ҚР Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Kazenergy» ассоциацияның «Қазақстан мұнайына 125 жыл» мерейтойлық медалімен және «МАЭК» ЖШС Бас директорының Құрмет грамотасымен марапаттады.
Шара соңында әріптестер бірін бірі марапаттарымен құттықтап, естелік суреттерге түсті.