Балалардың жазғы демалысы аяқталып, алғашқы қоңырау соғылатын күн де келіп жетті. Соңғы күндері ата-аналар да, олармен бірге балалары да жаңа оқу жылына дайындыққа қызу кірісіп, мектеп киімі мен оқу құралдары, дәптерлері мен қалам-қарындаштары, бояулар мен альбомдарын сатып алуға көп қаражат пен уақыт жұмсағаны анық.
Жыл сайын Білім күні қарсаңында еліміз бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өткізіліп, аз қамтылған және көп балалы отбасыларындағы оқушыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетіледі. Осы акция тұсында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жергілікті кәсіподақ» Қоғамдық бірлестігі мен «YNTYMAQ» кәсіподақ ұйымы кәсіподақ мүшелерінің балаларын мектепке дайындауға атсалысады.
«Біз отбасы жағдайына қарамай, кәсіподақ мүшелерінің бірінші сыныпқа баратын барлық балаларына ішінде 21 түрлі қажетті оқу құралдары мен дәптерлер салынған сөмкелер табыстадық. Мұндай сыйлықтарды осы жолы 54 балаға жасақтап бердік. Қымбаттамай жатқан зат жоқ, бұл сыйлықтарымыз ата-аналардың қаражаттарын үнемдеуге мүмкіндік берді деп ойлаймын. Балапандардың мектепке қадамдары құтты болсын!», - деді жергілікті кәсіподақ жетекшісі Мұрат Ізбаев.
«Биылғы оқу жылы қарсаңында біз бірінші сыныпқа да, мектеп алды дайындық сыныбына да баратын барлығы 73 балаға сыйлық дайындадық. Сөмкенің ішіне оқушыға керек барлық оқу құралдары, түрлі дәптерлер салынды. Балалар да, ата-аналар да өте риза. Ұрпағымыз білімді, саналы, еліміздің ертеңін сеніп тапсыратын азаматтар болып ержетсін»,- деген тілегін арнады «YNTYMAQ» кәсіподағының басшысы Асқар Қойшыбай.