ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы «Алғашқы көмекті медициналық білімі жоқ, оның ішінде тиісті даярлықтан өткен адамдардың көрсету қағидаларын және Алғашқы көмекті көрсету стандартын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес кәсіпорынның Медициналық қызметі қызметкерлерді алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайындау мақсатында оқыту тренингін өткізді.
Екі күнге созылған тренингті тәжірибелі фельдшер София Муртазалиева жүргізді. Оқу барысында маман тыныс алуы және қан айналымы тоқтаған, қан кеткен, түрлі дене жарақаттарын алған және күйік шалған адамдарға қандай көмек қажет болатыны туралы әңгімеледі. Көмек көрсету іс-қимылдары қатысушыларға медициналық манекенде көрсетілді. Өз кезегінде тыңдаушылар да маманның айтқан кеңесін манекенде қайталап, жаттығулар жасады. Сондай-ақ, фельдшер оқу барысында қатысушылар тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді.
– Комбинат қызметкерлерін алғашқы көмек көрсету негіздеріне оқыту бөлімшелерде жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Комбинаттың барлық ірі бөлімшелері оқуға қажетті медициналық манекендермен қамтылған. Жалпы осындай оқулар барысында қызметкерлер алғашқы көмек көрсетудің түрлі тәсілдерін үйренеді. Жұмыс уақытында немесе басқа жерлерде біздің әрқайсымыздың көмегіміз біреуге қажет болып қалуы мүмкін. Сондықтан, әрқайсымыз зардап шегушіге алғашқы көмек көрсете білуіміз қажет», – дейді Медициналық қызмет басшысы Алина Искалиева.
Кәсіпорынның Медициналық қызметінің құрамында 4 денсаулық сақтау пункті және 5 ауысым алдындағы медициналық тексеруден өткізу кабинеттері жұмыс істейді. Медициналық қызметтің негізгі міндеттері ауысым алдындағы, ауысымнан кейінгі, рейс алдындағы және рейстен кейінгі тексерулерді жүргізу, алғашқы және шұғыл медициналық көмек көрсету болып табылады.