26.04.2024 күнгі радиациялық фон

Экспозициялық дозаның қуаты

0,07-0,10 мкЗв/сағ

Баспасөз қызметі

+7 7292 562 121

maek@maek.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сенім телефоны

+7 7292 564 266

maekhotline@maek.kz

Жігіт сұлтаны – 2023

30 қарашада Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Ақтауда жұмысшы мамандар арасында «Жігіт сұлтаны-2023» облыстық байқауы болып өтті.  Байқауды Маңғыстау облысының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. «МАЭК» ЖШС атынан Жөндеу зауытының қазандық  жабдықтарын жөндеу жөніндегі слесарі Есет Сейтжанов қатысты.  

Байқаудың мақсаты - жұмысшы жастардың жеке және әлеуметтік қасиеттерін қалыптастырып,  қоғамдық белсенділігін арттыру.

Жастар өзара 4 кезеңде жарысқа түсті. Байқаудың «Tanylike» деп аталған бірінші кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, өз қызметі туралы әңгімеледі.  «Talentime» және «Jauaptar» кезеңдерінде олардың әрқайсысы шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерімен ерекшеленуге тырысты. Жігіттер «Qoi koter» бәсекесінде ауыр салмақты көтеруде күш сынасты. Сұлтандар сайысына  барлығы 7 жас маман қатысты.

Біздің әріптесіміз Есет Сейітжанов алғашқы танысу кезеңінен-ақ өзінің байқауға ерекше дайындықпен келгенін көрсетті. Сахнаға қазақы ұлттық киім, тымақпен, аңшы бүркітімен, тіпті жеті қазынаның бірі Тазы итімен, оған қоса қасиетті қара домбырадан күй төгілткен сері жігітпен бірге  шығып көрерменнің қошаметіне бөленді. Танысу өлеңін де аса шеберлікпен мәнерлеп, оқып шықты.  Есеттің еңбекпен қатар әншілік өнерді бірге алып жүрген өнерпаз жігіт екенін ұжымдастары жақсы біледі. Оның тамаша талантына әріптестері кәсіпорында өткізілген түрлі мерекелік шаралар кезінде куә болып жүр.  «Жігіт сұлтаны-2023» байқауында Есет белгілі сазгер Тұрдықылыш Ізтайдың  «Нурикамал» әнін тамаша орындады.

Жалпы байқауға қатысушы жігіттердің қай-қайсысы да көрермендер мен жанкүйер ұжымдастары алдында сұлтан атануға лайық, талантты, білімді, білікті, күш-қуаты мол нағыз ерлер екенін көрсетті. Қазылар алқасының шешімі бойынша Маңғыстау облысы ПД арнайы күштерінің аға инспекторы Әділбек Сырғалиев сайыстың жеңімпазы атанды. II орын №2 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекнұр Аминовқа берілді. ІІІ орынды ҚР ТЖМ Бейнеу ауданындағы өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Бақытжан Елубай жеңіп алды.

Байқаудың басқа қатысушыларына Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Әділ қазылар алқасы өз таңдауын жасады, бірақ біз үшін «Жігіт сұлтаны» біздің әріптесіміз Есет Сейтжанов!