Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығына орай кәсіпорында ұзақ жылдар қызмет еткен еңбек және тыл ардагерлерін комбинат ұжымы атынан «МАЭК» ЖШС Басқарма мүшесі – Бас директордың өндіріс жөніндегі бірінші орынбасары Мұрат Иғалиев, Жергілікті кәсіподақ төрағасы Мұрат Ізбаев және «МАЭК» ЖШС ардагерлер кеңесінің өкілдері Айман Өтекова мен Ольга Шабунина арнайы барып құттықтады. Кәсіпорын ұжымы атынан келген өкілдер еңбек майданы ардагерлеріне гүл шоқтарын, естелік сыйлықтар мен азық-түлік жиынтықтарын табыстап, ел мен қоғамның игілігі үшін сіңірген еңбектері үшін алғыс білдірді.
Ұлы жеңісті жақындатуға атсалысқан ардагерлердің жыл өткен сайын қатары да сиреп келеді. Жастық шақтары соғыс жылдарындағы ауыртпалықтармен тұспа-тұс келген олар өмірдің небір сынақтарынан өтті, ал бейбіт өмірде өз білімдері мен білігін кәсіпорынның, өңіріміздің өркендеуіне арнады. Тропин Владимир Александрович, Боброва Любовь Вячеславовна және Иванова Тамара Васильевна әріптестерін қуана қарсы алып, ұзақ әңгімелесіп, соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.
Ардагерлер жыл сайын Жеңіс күнінде өздерін ұмытпай келіп, сый-құрмет көрсетіп тұратын ұжымдастарына, «МАЭК» ЖШС басшылығына және комбинаттың Жергілікті кәсіподақ ұйымына алғыстарын білдірді.