28 наурыз күні кәсіпорында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Әлеуметтік әріптестік. Жұмыс берушінің еңбеккерлер өкілдерімен өзара іс-қимылы. Еңбек кеңестерін өткізу, ұжымдық шартқа қосылу нысандарын қолдану тәжірибесі» тақырыбында оқу семинары өткізілді. Семинарға комбинат қызметкерлері мен кәсіподақ көшбасшылары және жұмыс берушілер қатысты.
Семинар тақырыбына орай ҚРКФ Ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова, Мемлекеттік еңбек инспекторы Бақыт Омарова, Маңғыстау облысы кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәдуақас Бекғалыев, «Қызылорда облысының кәсіподақ орталығы» АКБ-нің бас сарапшысы Майра Боранбаева шығып сөйлеп, еңбек қатынастары, еңбек даулары, оны шешудің заңды жолдары, еңбек заңнамасындағы ең маңызды өзгерістер мен толықтырулар туралы әңгімеледі.
Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» АКБ-нің төрағасы Сәдуақас Бекғалыев атап өткендей, марафон ұйымдастырудағы басты мақсат - қатысушылардың Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы бойынша білімдерін жетілдіру және ұжымдық еңбек дауларын шешудің заңды және нақты жолдарын көрсету болып табылады.
Жобаның үйлестірушісі Ләззат Есжанова: «Еңбек ұжымдарының негізгі талаптары еңбек жағдайлары, уақтылы әрі лайықты жалақы алу туралы болатыны белгілі. Сондықтан, жұмыс берушілер мен қызметкерлер тығыз қарым-қатынаста болуы, еңбек қатынастарын жетілдіруі, пәрменді ұжымдық шарттар жасасуы қажет. Бүгінгі семинардың тақырыбы да еңбек дауларын шешу мәселесінде кәсіподақтарды қолдауға бағытталған»,- деп атап өтті.
Кездесуге қатысушылар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, оларға жауаптар алып, ақыл-кеңестерін тыңдады.
Барлық кәсіподақтардың мақсаты бір - кәсіподақтың қарапайым мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда кәсіподақ қозғалысының принциптерін насихаттау, жұмыс берушілермен қарым-қатынаста әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек даулары мен жанжалдардың алдын алу, еңбек заңнамасын бұзудың алдын алу және т.б. Ұйымда екі немесе одан да көп бастауыш кәсіподақ ұйымы болса, бірыңғай өкілді орган құрылуы тиіс.
Сол себепті семинар-тренинг аяқталған соң ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілдері «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жергілікті кәсіподағы» ҚБ және «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларымен және мүшелерімен кездесу өткізді. Олардың ұйымдастыруымен екі кәсіподақ арасында сындарлы диалог жүргізіліп, нәтижесінде өзара іс-қимыл туралы хаттама жасалды, тең құқылы өкілді орган құру туралы шешім қабылданды.