18 қаңтарда өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен су тұшыту қондырғыларын шығаратын IDE Technologies Group компаниясының өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында екі тарап халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асыруды талқылады.
IDE Technologies Group компаниясы 2008 жылы «МАЭК» ЖШС аумағында қуаттылығы 12 000 м3 екі су тұшыту қондырғысын орнатқан болатын. Енді электр стансасының аумағында тәулігіне 24 000 м3 қосымша қондырғылар салуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамада қаралып жатыр.
Аймақ басшысы өз сөзінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету өңірдегі өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Осыған орай Ақтау қаласын сумен қамту мәселесін шешу үшін шұғыл шараларды, оның ішінде МАЭК-ті жаңғыртуға қатысты шараларды қабылдау қажет.
– Маңғыстау облысы қарқынды дамып келе жатқандықтан суға деген сұраныс жыл сайын артуда. Сондықтан облыс тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету және өндіру көлемін арттыру қажет. Бүгінгі басқосуымыз халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп, алға қойылған мақсаттарға жеткізеді деп сенеміз, - деді Нұрлан Ноғаев.