18 тамызда «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Бас директоры Талғат Есентүгелов Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Сүйіндік Алдашев, Бақтыбай Шелпеков, Серікбай Трумовпен кездесті.
Кездесу барысында энергокомбинаттың бас директоры өндірістік кешеннің ағымдағы жағдайы, жабдықтарды жаңарту және жаңғырту жоспарлары туралы айтып берді.
Бүгінгі күні, суды ең көп тұтыну кезеңінде дистиллят бойынша барлық су тұшыту қондырғыларының өнімділігі тәулігіне 72200 м³ құрайды. Қондырғылардың қызмет ету мерзімі мен өнімділігін арттыру мақсатында жылу алмасу жабдықтарын ауыстыру және су тұшыту қондырғыларын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, бұл дистилляттың өнімділігін тәулігіне 12000 м³-қа арттырады.
Сондай-ақ, облыс әкімдігінің қаржылық қолдауымен ГТПИ-4,5 құрылысы жоспарланған. Бұл дистилляттың өнімділігін тәулігіне қосымша 24000 м³-қа арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 32,239 млн.теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде, оның қорытындысын қыркүйек айының соңына дейін алу жоспарланып отыр.
Екі жобаны іске асырғаннан кейін дистиллят өндірісі тәулігіне 108 200 м³ құрайды. ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 және басқа тұтынушылардың өндірісте дистиллят тұтынатынын ескерсек, ауыз су өндірісі тәулігіне 88 200 м³ құрайтын болады.
Кездесуге қатысушылар қолданыстағы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының комбинатта авариялық жағдайларды болдырмау үшін жабдықтарды жедел сатып алуға мүмкіндік бермейтін баптарын да талқылады.
Сенаторлар өз кезегінде, облысымыздың дамуында аса маңызды орын алатын энергетикалық кәсіпорынның бастамаларын қолдап, кейбір күрделі мәселелерді үкіметтік деңгейде ілгерілетіп, оң шешімін табуға атсалысатынын жеткізді.
Баспасөз қызметі