Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 33 жыл толуына орай Ақтау қаласында 15-16 ақпанда волейболдан әйелдер арасындағы қалалық ашық турнир өтті.
Жарыс 1 шағынауданның №3 жалпы білім беретін мектебінің спорт залында болды. Спорттық шара санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың барлық талаптарын сақтай отырып, көрермендердің қатысуынсыз өткізілді. Бұл турнирге «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС, «Батыс», «№19 мектеп», «Волна», «Каратэ Сен-Сей» және «Бөлтім» командалары қатысты.
Ардагер ағалары құрметіне арналған шарада волейболшы қыздар әдемі ойын үлгісін көрсетті. Жүлделі орындарға ұмтылған командалар жарысы өте тартысты әрі қызықты өтті. Бұған дейінгі жарыстарда да алдына жан салмай келген біздің кәсіпорын қыздары бұл күні де алаңда атой салып, талайлардан айласын асырды, бір-біріне допты дер кезінде лақтырып, қарсыластарын қапыда қалдырумен болды. Тордың арғы бетіне шебер соғылған доп команданың ұпай санын арттырумен болды. Нәтижесінде МАЭК командасы бұл жарыстың ең үздік командасы атанып, жүлделі 1-ші орынды иеленді. Бәсекеде барын салып, біздің қыздарды басып озбақ болған «Батыс» командасы 2-ші орын, шебер ойыншыларымен көзге түскен командалардың бірі «№19 мектеп» 3-ші орынға шықты.
«Бүгін Ауған соғысына қатысқан ардагерлер үшін ерекше күн. Олар бейбіт күнде басқа елдің соғысына араласып, әскери борышын сол жақта өтеу бұйырған жандар. Талайы жат жерде қаза болды. Жыл сайын ауған соғысы ардагерлеріне арналып өткізілетін спорт жарыстарына біздің командалар белсенді қатысады. Ал волейболшы қыздарымыз облыстағы ең үздік командалардың бірі. Қандай жарыс болмасын жүлделі орындардан табылатын олар бүгін де бас жүлдені жеңіп алып, кәсіпорынның абыройын көтерді. Бұл жеңісіміз комбинатта еңбек ететін Ауған соғысы ардагерлеріне арналады»,-дейді команда жаттықтырушысы, Қауіпсіздік қызметінің басшысы Қаныбек Шайдуллин.
Жеңіс құтты болсын қыздар!
Гүлбаршын Байназарова