Жақында Ақтау қаласындағы балалар ауылының бірнеше тәрбиеленушісі біздің кәсіпорында қонақта болды. Шараны ұйымдастырған Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті Өндірістік бақылау тобының қызметкерлері балаларды жылы лебізбен қарсы алып, комбинаттың негізгі бөлімшелерімен, қызметімен, таныстырды.
- Балаларды қонаққа шақыру әріптесіміз Вусал Юсифовтың ұсынысы болатын. Біз оны қуана қолдадық. Өйткені, болашақ мамандықтарын таңдау сәті жақындаған жасөспірімдерге мұндай ірі кәсіпорынның жұмысымен жақынырақ танысудың маңызды болатыны сөзсіз. Оның үстіне біздің мамандармен кездесіп, сұхбаттасу әке мен ананың қамқорлығынсыз өсіп келе жатқан балаларға болашақта үлкен жеңістер мен биіктерге ұмтылатындай күш-жігер беретіні анық. Балаларға телефоннан, әлеуметтік желілерден тыс, жанды өмірді де көрсету керек деп ойлаймыз, - дейді департамент қызметкерлері.
Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының 22 тәрбиеленушісі алдыменен «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің (МЕӨҚҚ) өрт сөндіру бөлімінде болды. Экскурсия өрт туралы қоңыраулар түсетін диспетчер пультін тексеруден басталды. Содан кейін өртпен күресуші мамандар балаларды қолда бар өрт сөндіру машиналары паркімен таныстырып, оларға көліктің ішін көрсетіп, дауыс зорайтқышпен өздерінің құрбысы - 16 жасар Сашаны туған күнімен құттықтауға мүмкіндік жасады. Мамандар өрт сөндірушілердің арнайы киімдері мен құралдарындағы әрбір элементтің сенімділігі және өрт сөндіруге шығу кезінде оның жұмыс жағдайында болуының маңыздылығы туралы әңгімеледі. Балалар сондай-ақ, сұйық немесе қатты жанғыш заттарда туындаған өртті сөндіру кезінде қолданылатын арнайы ауа-механикалық көбік шығаратын «Пурга-5» қондырғысының жұмысымен танысты.
Қонақтар комбинат мұражайында болып, Ақтау қаласының қалай салынғаны, энергия ресурстар өндірісінің қалай дамығаны және Маңғышлақ түбегін алғаш ашушылардың қандай қиындықтарды жеңіп, осындай ірі кәсіпорынды қалыптастырғаны туралы тарихпен танысты.
Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Орынбасар Наурызбаев «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС басшылығы мен қызметкерлеріне және музей мамандарына балаларға тәрбиелік мәні зор кездесу ұйымдастырғаны үшін алғысын жеткізді.
Кездесу соңында кәсіпорынның ең сыйлы қонақтары үшін түрлі жеміс жидек пен тәттілерге толы дастархан жайылды.
Гүлбаршын Байназарова