Көктем келісімен облыс аумағында әдеттегі игі дәстүр - тазалық айлығы басталып, жаппай тазарту және абаттандыру сенбіліктері басталады. Қыс бойы жиналған қоқыстарды жинауға, өңі кеткен қоршауларды бояп, ағаш отырғызу жұмыстарына тұрғындармен бірге кәсіпорындар мен ұйымдар да белсене кіріседі.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС кәсіпорын аумағында өткізілетін тазалық шараларымен бірге Маңғыстау ауданы Сайөтес елді мекенінен 9 шақырым жерде орналасқан тарих және мәдениет ескерткіші Толыбай қорымына да төртінші жыл қатарынан қоғамдық қамқорлық жүргізіп, сенбілік өткізіп келеді.
Өңірдегі сәулет ансамбльдерінің бірі Толыбай кешенінің тарихы XVIII ғасырдың аяғы - ХХ ғасырдың І жартысынан басталады және мемориалдық-діни сәулет ескерткіштерінің тобына жатады.
Өткен жылдың қазан айында комбинат қызметкерлері қорым аумағын құрылыс және қатты тұрмыстық қоқыстардан тазарту, қорғаныс қоршауын қалпына келтіру және жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізген болатын. Сондықтан биыл кешенге арнайы барған маэктіктер мұнда санитарлық тазалау және қоршауларды сырлап, жаңарту жұмыстарын атқарды.
Гүлбаршын Байназарова