Дмитрийдің ерік-жігері мықты, өте ерекше жан екенін бір көргеннен байқайсыз. Оның күздің қара суығы, қыстың аязды күндері де қысқа жең жейдемен ғана жүргенін көресіз. Жылдың төрт мезгілінде де жаздық киімдермен жүретін оған қызығып, әрі таңданып қарайсыз.
Ол әскери міндетін орындаған соң, әкесі мен анасы қызмет еткен Азот-түк зауытынан еңбек жолын бастаған. Кейін Ақтау пластмасса зауытында он жылға жуық қызмет етіп, МАЭКке ауысты. Міне содан бері кәсіпорында абыройлы еңбек етіп келеді. Ұжымдастары алдында беделді, өз міндетін тындырып атқаратын білікті маман.
Дмитрий Юндин кәсіпорынға еңбегі сіңген білікті мамандардың бірі, Радиациялық технология және техникалық диагностика орталығында бақылау тобының жетекшісі. Алпысыншы, жетпісінші жылдардың басында Ақтау қаласын көтеріп, өңіріміздің экономикасын дамытуға Кеңес одағының түкпір-түкпірінен кәсіби мамандар арнайы жолдамамен ағылып келе бастағаны белгілі. Дмитрийдің де ата-анасы сол лекпен келіп, Азот-түк зауытына жұмысқа орналасқан еді. Сол кезде 7 жасқа аяқ басқан Дмитрий төртінші шағын аудандағы №5 мектептің оқушысы атанды. Мектептегі белсенді оқушылардың қатарында ол түрлі үйірмелерге қатыса бастады. Ол әсіресе туризм жөніндегі инструкторлар, ерлі-зайыпты Галина Александровна және Ростислав Степанович Казачковтар жетекшілік еткен Жас туристер үйірмесіне өте қызығушылықпен қатысты. 1976 жылы ашылған бұл үйірмеге Каспий аймақтық тау-кен комбинаты кәсіподақ ұйымының қолдауымен құрылған тау туризмі секциясы, оның негізін қалаушылар Прохоров Виктор Григорьевич пен Коробейник Любовь Александровна үлкен көмек көрсетті. Мұнда нұсқаушылар жаңа маршруттар жасақтап, жас туристерді тау сапарлары кезінде кездесетін қиындықтарды жеңіп, қауіптің алдын алуға, өзін-өзі сабырлы ұстауға, сонымен бірге өз қолдарымен шатырлар, рюкзактар тігуге үйретті. Балалар Маңғыстаудың тарихи жерлеріне барып, Қаратау жоталарын, Қарақия ойпатын, басқа да биік шоқыларына шығып өздерінің болашақ үлкен сапарларына дайындықтар жасады. Алғашқы бағындырған биіктіктері Кавказ таулары болды. Ал 11 жыл өткен соң секция «Маңғышлақ» тау туризмі клубы болып қайта құрылды. Сол кезден бастап мұндағы жұмыс кәсіби бағытта жүйеленді, қатысушыларды 1-ден 5-ші категорияға дейінгі маршруттарға дайындау жолға қойылды. Клуб жұмыс істеген жылдары 20 разрядты спортшылар, 7 спорт мастеріне кандидаттар, 3 спорт мастері, 14 тау туризмі, жаяу жүру, велотуризм бойынша нұсқаушылар дайындалып шықты.
Күні бүгінге дейін менің есімнен 17 жасымда Орталық Кавказдың Солтүстік Осетия шыңдарына шыққан кезім кетпейді. Өйткені, бұл менің алғашқы күрделі әрі қиындықтармен өткен сапарым болды. Біздің алдымыздан ауа райының бұзылуы мен құлаған тастардан зардап шеккен туристер шықты. Оларға мүмкіндігімізше көмектестік, бірақ артынша өзіміз де қиындықтарға тап болдық. Шатырымыз өртеніп, өзіміз қатты суықтап, тоңа бастадық, қажетті жағдайымыздың болмауы психологиямызға әсер етпей қоймады. Осы сапардан аман-есен келген соң, түрлі ойлар келді, мұндай қауіпті сапарларға енді шығам ба, жоқ әлде керек емес пе деген. Сол кезде жас болсам да армандарымнан бас тартпағаныма қуанамын бүгінде. Себебі, осы жасқа дейінгі бүкіл өмірім, балаларымның, өмірі де өз-өзімізді жеңу, шыңдалудан, қызықты сапарлардан тұрады. Жұбайым Оксанамен де осы туристік секцияда таныстым. Ол да үнемі бізбен бірге, қосылғанымызға биыл 34 жыл болады. Алғашқы қиын сапардан кейін де Жоңғар Алатауы, Алтай, Батыс, Шығыс Кавказ, Тянь-Шань, Памир, Эльбрус сияқты талай-талай шыңдарды бағындырдық. Еңбек демалысында отбасымызбен тауға жол тарту біздің көп жылдан бергі қалыптасқан дәстүріміз. Кеңес Одағы тарап, тәуелсіз елді қайта қалыптастыру жылдарында туристік клубтың жұмысы тоқтап, спортшылардың көбі көрші елдерге, Америка, Германияға көшіп кетті. Бірақ біз байланысымызды үзген жоқпыз. Соңғы он жылда жан-жақтан келіп, бас қосып, көптеген тауларға сапарладық. 2014 жылы Еуропадағы ең биік шың Эльбрустың 5642 км болатын Батыс бөлігін, екі жылдан соң 5621км болатын Шығыс бөлігін бағындырдық. Өзіммен бірге бұл сәтті сапарда сүйікті жарым мен үлкен ұлым бақтарын сынады, жолдың ауырлығына қарамастан дегендеріне жетіп, шыңның ұшар басына шықты. Енді кіші ұлым да биіктерді бағындырмақ мақсатта, қызу дайындық үстінде.
Мұздатқышқа салмасаң тамақ азып кетеді ғой. Денсаулық та сол сияқты, суықта, аязда шынықпасаң аурушаң боласың, ағзаңда әлсіздік пайда болады. Бала кезімнен спортпен айналыстым, ал жасымыз келген сайын бұрынғыдай туристік сапарлар да азайды. Сондықтан осыдан 6 жыл бұрын жыл мезгілдеріне қарамай осылай тек жаздық киіммен жүруді бастадым. Одан бұрын өзімді шынықтырып, қыста суық суға шомылып біраз дайындалдым. Қазірде таңда, кешке төбемнен мұздай су құямын, скандинавиялық жүрумен айналысамын, ал ыссы су дегенді пайдаланып көрмегеніме 10 жылдай болды. Салқын тиіп ауыруды ұмыттым, әлдеқандай біреуден тұмау жұға қалса да бір күнде жазылып кетемін. Ал жылы сырт киімдер менде жоқ деуге болады, барын таратып жібердім. Осылай өмір сүру керек деп ешкімге кеңес бермеймін. Өйткені, сен бала кезіңнен шынығып өскен шымыр болуың керек. Сонда ғана, мендегідей мүмкіндіктерге қол жеткізуіңіз мүмкін.
Дмитрий Владимирович бүгінде ұялы телефонға үңілумен, ұйқымен уақыт өткізіп жатқан балалар, жастар үшін өкінетінін, жігерсіз, ынтасыз ұрпақ үшін алаңдайтынын жеткізді. Көпшілігі стресстен арыла алмайтын және төтенше жағдайларда өмір сүру үшін күш таба алмайтын жасық, ойсыз болып өсіп келеді. Сондықтан, болашақты мәңгүрт ұрпаққа аманаттамас үшін үкімет бүгіннен қимылдап, талқыға салып, кешенді бағдарламалар жасақтаулары керек деп ойлаймын дейді ол.
Біз өз ұжымымыздағы өзгеге өнеге болатын азаматтығы бар, өмір тарихы қызықты оқиғалармен өрілген Дмитрий Юндин туралы бір үзік әңгімеледік. Бір мақалада ол туралы толық жазып, сыйғызу мүмкін емес. Дмитрийді үлкенді де, кішіні де жігерлендіретін мотивациялық кітаптың негізгі кейіпкері болуға әбден лайық жан деп айтуға болады.
Дмитрийдің әңгімесін тыңдай бергің келеді, өйткені ол өз өмірін мағыналы, қызықты, бақытты етіп етіп өткізу үшін ешқашан ерінбеген, алтын уақытын зая кетірмеген, тынымсыз, жігерлі жан.
Гүлбаршын Байназарова