Кәсіпорын мұражайында ҚР Ұлттық ұланының 3502 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметін өтеуге келген жас сарбаздар қонақта болды.
Атырау және Орал қалаларынан келген жігіттер екі ай бойы әскер алды дайындықтан өткен соң біразы келісім-шарт бойынша Маңғыстауда әскери қызметін жалғастыруға ниет білдірген. Cарбаздар қызметті әскери қалашықты күзетуден бастайды, ал келісімшарттық қызметке ауысқаннан кейін оларға объектілерді қорғау сеніммен тапсырылады.
- Мерзімді қызмет кезінде сарбаздар әскери істің негіздерін үйренеді, өмірдің жаңа жағдайларына бейімделеді. Жаңадан келген жауынгерлеріміз басқа өңірлерден болғандықтан біздің қорғауымыздағы өндірістік объектілердің ерекшеліктері туралы білмеуі мүмкін. Сондықтан біздер бүгін қызметке енді аяқ басқан сарбаздарды осында алып келдік. Мұражайда жиналған жәдігерлерден облыстағы ең маңызды кәсіпорынның қалыптасу жылдарын, елу жылғы тарихын, энергия ресурстарын өндіру кезеңдерін көруге болады. Ал Маңғыстау табиғатына арналған залда түбектің ең көрікті жерлері тамаша көрініс тапқан. Сіздерге мағыналы кездесуіңіз, сарбаздарымызды жылы қабылдағаныңыз үшін рахмет,- деді 3502 әскери бөлімнің коменданттық взвод командирі Әділет Жақасов.
Гүлбаршын Байназарова