Бүгінгі сұхбаттың кейіпкері өмірінің 30 жылдан астам уақытын кәсіпорынның Жылу электр станциясында жұмыс істеуге арнаған энергетика саласындағы тәжірибелі маман - Сергей Владимирович Раков. Оның еңбек жолы аймақтың энергетика саласының дамуымен тығыз байланысты.
Ол қарапайым жұмысшы маманнан кәсіпорынның дамуына елеулі үлес қосқан, беделді басшылық қызметке дейін көтерілген абыройлы азамат. Сергей Владимирович – өз еңбек жолын жөндеу тобының инженері ретінде бастап, бүгінде кәсіпорындағы маңызды нысандардың бірі – Жылу электр станциясын (ЖЭС) басқарып отырған білікті маман. Оның пікірінше, жұмысты тиімді жүргізудің басты шарты – мамандар кәсіби шеберлікті арттырып, өз кәсібіне қатысты барлық сатылардан өтуі керек.
Энергетика саласына қосқан елеулі үлесі үшін III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған Сергей Владимирович қазіргі уақытта станция жұмысының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Сонымен қатар, ол әріптестерімен бірге станцияны одан әрі қолдау және дамытуға арналған стратегиялық жоспарлар әзірлеуде. Сұхбат барысында ол өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, Жылу электр станциясының қазіргі жағдайы мен мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.
Айта кетерлік жайт, оның жұбайы да энергетика саласының маманы ретінде облыс кәсіпорындарында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келеді. Үлкен ұлы Жылу электр станциясында (ЖЭС) энергоблок машинисі болып қызмет атқарып, отбасылық кәсіби дәстүрді лайықты жалғастыруда. Ал кіші ұлы Санкт-Петербург теміржол университетінде ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша жоғары білім алуда.
- Сергей Владимирович, энергетика саласында табысты көшбасшы болу үшін қандай жеке қасиеттер маңызды?
Бірінші кезекте, көшбасшы әділ болуы керек. Әділетсіздік ұжымда наразылық тудыруы мүмкін, сондықтан әр қызметкерге бірдей көзқараспен қарау – табысты басшылықтың негізі. Сонымен қатар, қызметкерлерді құрметтеу де маңызды. Олар өз еңбегі бағаланғанын сезінуі тиіс. Ұжым басшысы саланың барлық деңгейлерінен өтіп, өндірістік процестерді терең түсінетін адам болуы қажет. Бұл оның нақты шешімдер қабылдауына көмектеседі. Профильдік білім мен тәжірибе де шешуші рөл атқарады. Бұл қасиеттер тек энергетикада ғана емес, кез келген салада табысты мансап құру үшін қажет.
- Ұжымдағы қызметкерлермен жұмыс қалай ұйымдастырылған?
Біздің станцияда жұмысты ұйымдастырудың негізі – ашықтық пен сенім. Ұжымда өзара реніштер мен жала жабуларға жол берілмейді. Мен әрдайым ашық диалогты құптаймын – бір-бірімізбен тікелей сөйлесу, мәселелерді бетпе-бет шешу маңызды. Біз ұжымды бір үлкен отбасы деп санаймыз. Адамдар өмірінің айтарлықтай бөлігін осы жерде өткізеді, сондықтан жұмыс орнындағы жайлылық пен өзара түсіністік – табысты жұмыстың кепілі болады деп ойлаймын. Әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ұжымдық рухты сақтаса, кез келген қиындықты еңсеруге болады.
- Станцияның тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін мұндағы мамандарға қандай кәсіби білім мен дағдылар ерекше маңызды?
Соңғы уақытта білім сапасы айтарлықтай төмендегенін байқадым. Менің ойымша, оқу орындары студенттердің білім деңгейін бұрынғыдай тәжірибеге бағыттау арқылы көтеруі керек, бұл олардың негізгі мамандығына жақсы дайындалуға мүмкіндік береді. Атқарылатын жұмыстың негіздерін түсіндіруге көп уақыт кетпеуі үшін қызметкер жаңа кәсіпті игеруге дайын болуы керек. Жеке өзім әрқашан өз біліміммен бөлісуге дайынмын. Станцияның жұмысын білікті, тәжірибелі, сауатты мамандар басқарып, жүргізгені маңызды деп санаймын.
- ЖЭС-тегі жабдықтардың қазіргі жағдайы қалай және оны алдағы жылдары жаңғырту бойынша қандай жоспарлар бар?
Қазіргі уақытта біз 3-ші энергоблокты күрделі жөндеуден өткіздік, ал сәуір айының басынан бастап 2-ші энергоблокты жөндеуге шығардық, ол маусым айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Жөндеуден кейін жабдықтың техникалық жағдайы айтарлықтай жақсарады. Әрине, станцияда кезегін күткен көптеген жұмыстар бар, бірақ көп нәрсе қаржыландыруға, сондай-ақ жабдықтың қосалқы бөлшектерін сатып алуға байланысты.
Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында пайдалануға берілген энергия блоктары айтарлықтай уақыт жұмыс істеді және олар жаңартуды қажет етеді. Алдағы жылдарға арналған жоспарлар өте ауқымды - бұл жоғары қысымды цилиндрді ауыстыру және турбинаның орташа және төмен қысымын барынша жаңарту, турбиналық роторларды, қазандықтағы экрандық жүйені ауыстыру. Жұмыс көлемі айтарлықтай, бірақ ең бастысы, бұл жоспарлар жүзеге асырылуы керек.
Бірінші блокта модернизацияны жобалау осы жылға, ал оны жүзеге асыру 2026 жылға жоспарланған. Біз бұл міндеттер мерзімінде орындалады деп үміттенеміз.
- ЖЭС жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қолданыстағы жабдықтарды тиімді пайдалану маңызды ма әлде жаңа технологияларды енгізу қажет пе?
Қазіргі уақытта ЖЭС жұмысының тұрақтылығын сақтау үшін қолданыстағы жабдықтарды жұмыс күйінде ұстау – басты басымдықта. Сондықтан қазіргі кезеңде негізгі күшті қолда бар ресурсты тиімді пайдалануға жұмсауымыз қажет. Жаңа технологиялар өз артықшылықтарына ие болғанымен, біз үшін жүйенің сенімділігі мен жабдықтардың ақаусыз жұмыс істеуі бірінші орында. Сонымен қатар, болашақта жаңа технологияларды кезең-кезеңімен енгізу де ұмыт қалмауы тиіс.
- ЖЭС-тің одан әрі дамуы мен тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін алға қойған қандай мақсаттарыңыз бар?
Ең алдымен, станцияның апатсыз жұмысын қамтамасыз ету үшін энергетикалық жабдықтарға үздіксіз техникалық қызмет көрсетіп, жоспарлы жөндеу жұмыстарын уақытында жүргізу қажет. Сонымен қатар, біз барлық қауіпсіздік нормалары мен стандарттарын сақтауға ерекше назар аударамыз, өйткені қызметкерлердің қауіпсіздігі басты мәселе болып табылады.
- Сергей Владимирович, сұхбат үшін рахмет және сізге және сіздің командаңызға еңбек жетістерін тілейміз.