Кәсіпорын ұжымы жылдағы дәстүр бойынша Отан қорғаушылар және Жеңіс күні қарсаңында еңбек майданының ардагерлерін мерекемен құттықтады. «МАЭК» ЖШС Бас директоры Қайрат Рахимов және бас директордың корпоративтік және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мұхит Балхожаев, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ольга Шабунина бастаған кәсіпорын ұжымының бір топ өкілдері тыл ардагерлері Тропин Владимир Александрович, Боброва Любовь Вячеславовнаға арнайы барып, шынайы алғыстарын жеткізді, гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыстады.
Әріптестерін қуана қарсы алған ардагерлер де мерекемен құттықтаған комбинат басшылығына, сүйікті ұжымына ризалығын білдірді. Владимир Александрович кәсіпорында табан аудармастан 45 жыл, Любовь Вячеславовна 27 жыл еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан. Ардагерлер әріптестермен кездесуді әрқашан асыға күтеді. Бұрынырақта комбинат ұжымы соғыс және тыл ардагерлеріне атаулы күндерге орай арнайы дастархан жайып, мерекелік іс-шаралар ұйымдастыратын. Басқосуда ардагерлер бір-бірімен сағыныса көрісіп, қосылып әскери әндер айтып, тіпті ортаға шығып дөңгеленіп би де билейтін. Әттең, зулап өткен жылдар олардың қатарын сиретті, бүгінде ортамызда қалған екі қарттың өзі үйден ұзап шыға алмайтын жаста. Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1 сәуірдегі мәлімет бойынша Қазақстанда барлығы 176 соғыс ардагерлері тұрып жатқанын, оның ішінде 2-уі маңғыстаулық ардагерлер екенін мәлімдеді.
Тыл ардагерлерінің балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, елдегі ауыртпалықтарды аналарымен бірге көтеріп, жеңісті күнді жақындату үшін бар күш-жігерін аямады. Соғыстан соң елді қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, жаңа өмірді қалыптастыруға атсалысты. Ал Ақтау қаласы бой көтеріп, түбекте өндірістік жұмыстар басталған жылдары барлық өмірлік ресурстарды өндіретін МАЭКтің іргетасын қалаушылар қатарында болды.
«МАЭК» ЖШС ұжымы барша ардагерлерді мерекемен құттықтап, бейбіт өмір, ашық аспан үшін шын жүректен алғыс айтады! Сіздерге зор денсаулық, ұрпағыңыздың бақытын қызықтайтын ұзақ ғұмыр тілейміз!