3 желтоқсанда әлемде Халықаралық мүгедектер күні, 7 желтоқсанда ерекше балалар күні аталып өтіледі. Бұл күні барлық жерде өз қатарластарынан ерекшеленетін бүлдіршіндер үшін түрлі акциялар мен қайырымдылық іс-шаралар өткізіледі. «МАЭК» ЖШС «Quatty Arular» әйелдер клубы Ақтауда ерекше балаларға арналған шеберлік сағатын ұйымдастырып, балаларға түрлі майшамдар жасап үйретті.
Іс-шара өңкей мүмкіндігі шектеулі жандар қызмет ететін «BR coffee» кафесінде өткізілді. Бұл кафе арнайы жасақталған әлеуметтік жоба арқылы ашылып, жұмыс істеуде. Мұндағы қызметкерлер де «Quatty Arular» акциясына қатысып, балаларға майшам жасауға көмектесті.
Шараға келген кішкентай қонақтарды аниматорлар қарсы алып, балалармен бірге ән салып, ойын ойнап, сүйкімді беттеріне әдемі суреттер (аквагрим) салып берді. Балалар бір мезгіл жұмбақ бейнелер мен кейіпкерлерге айналып, мәз-майрам болды.
Кәсіпорындағы әйелдер клубының өкілдері Азина Ақболатова мен Анна Фетисованың ерекше балалармен жұмыс жасауда үлкен тәжірибесі бар. Екеуі де түрлі салалардағы волонтерлер қатарында. Бұл мереке қарсаңында да МАЭК қызметкерлері акцияға белсенді қатысуға ниет білдірді.
Аз ғана уақытта балалар түрлі-түсті балауыз шамдарын жасап шығарды. Олар бұйымдарды іс-қимылдарды реттеп, дамытуға көмектесетін борпылдақ материалдармен жасады.
Шара соңында балалар әйелдер клубының мүшелері дайындаған тәтті тағамдардан дәм татты.
- Мұндай кездесулер ерекше балалар үшін өте маңызды. Өйткені, осындай шаралар олардың уақытын пайдалы істерге арнап, қоғамда өздерін жайлы сезінуге көмектеседі. Сондықтан, алдағы уақытта да осындай шараларды жиі өткізетін боламыз, - дейді ұйымдастырушылар.