Кәсіпорынның тағы бір ардақты азаматы ұжымда ұзақ жыл еңбек етіп құрметті демалысқа шықты.
Аманғали Абуғалиев 42 жыл еңбек өтілінің соңғы 19 жылында «МАЭК» ЖШС-де еңбек етті. Учаске шеберінен Жөндеу-құрылыс цехының (РСО) басшысына дейінгі лауазымдық сатылардан өткен тәжірибелі маман. 2017 жылдан бастап Күрделі құрылыс және жөндеу-құрылыс жұмыстары басқармасында бөлім басшысы қызметін атқарды. Қызметке деген жауапкершілігі мен кәсібилігі үшін ол комбинат басшылығы тарапынан түрлі марапаттарға да ие болды. 2018 жылы кәсіпорын аумағындағы нысандардың құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарын үлкен кәсіби шеберлікпен ұйымдастырып жүргізгені және комбинаттың дамуына үлес қосқаны үшін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді. Жас мамандарға тәлімгер болып, құрылыс саласының қыр-сырын үйретуден де жалыққан емес. Аманғали аға ұжымда үлкен бедел мен құрметке ие азамат.
Күрделі құрылыс және жөндеу-құрылыс жұмыстары басқармасының басшысы Ринат Қапанов Аманғали Абуғалиевке комбинатқа сіңірген еңбегі үшін ризалығын білдіріп, кәсіпорын бас директорының Алғыс хатын табыстады.