Ақтауға жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов бірқатар нысандарды аралады.
«МАЭК» ЖШС-де ағымдағы жұмыс барысы туралы кәсіпорынның бас директоры Кеңес Орақов баяндады. Кәсіпорын басшысы қазіргі уақытта алдағы 2025-2026 жылу кезеңіне дайындық жұмыстары аясында жөндеу шаралары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жоспарланған жөндеу және жаңарту жұмыстары толық көлемде жүргізіліп, олардың сенімді әрі тиімді жұмысы қамтамасыз етілуде.
Сонымен қатар, Ералы Тоғжанов ЖЭО-2-де болып, №3 турбиналық агрегатта және №13 қазандық агрегатында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Ералы Лұқпанұлы кәсіпорын басшыларына жылу беру маусымын кедергісіз әрі үздіксіз өткізу үшін қажетті дайындық шараларын дер кезінде аяқтауды тапсырды.