Талшын Ғинаятқызы кәсіпорынның Әкімшілік-әлеуметтік жабдықтау қызметінде көп жылдан көгалдандырушы болып еңбек етеді. Ол комбинаттағы еңбек жолын 1991 жылы еліміз егемендік алып, тәуелсіздігіміздің іргетасы енді қаланып жатқан, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрделі кезеңінде бастады. Бұл кезде кәсіпорын ұжымы үшін де оңай болған жоқ. Талшынға өз отбасы қамымен біраз уақыт жұмыстан қол үзіп, сауда-саттықпен айналысуға да тура келді. Ол 2001 жылы комбинаттағы жұмысын қайта жалғастырып, сүйікті ұжымына қайтып оралды. Содан бері табан аудармастан 24 жыл бойы еңбек етіп келеді. Комбинаттың аумағы жапырақтары жайқалған түрлі талдары мен жеміс ағаштары, әсем гүлдерімен, көк желегімен ерекшеленеді. Олардың күтімі шаруашылық бөлімінің бір топ көгалдандырушы қыз-келіншектерінің бақылауында. Талшын Өтениязова солардың арасындағы еңбек өтілі де, тәжірибесі де мол мамандардың бірі. Қазірде ол өз біліктілігін 6 разрядқа көтерген тәлімгер көгалдандырушылар қатарында.
- Комбинаттың айналасындағы жасыл-желектер мен түрлі ағаштардың әр бұтағы мен үшін ыстық. Өйткені, олардың барлығын өзім әріптестеріммен бірге отырғызып, өсіріп, баптап, мәпелеп келемін. Әрине, оңай шаруа емес, бірақ, жасыл желекті өсіру жолдарын білсең, қиын емес дер едім. МАЭКтің аумағында біздің өңірімізде сирек кездесетін көптеген талдардың түрлері бар. Бұл жерде көп жыл бұрын еңбек еткен ардагерлеріміз өсірген кәрі талдар да бар. Бүгінде біздер оларды барымызша күтіп, баптап жүрміз. Жалпы атқаратын қызметім өзіме ұнайды. Үнемі жасыл желектердің арасында, табиғат аясында еңбек еткен жақсы ғой. Жұмыс барысында үнемі қозғалыста болып, денсаулығымызды шыңдаймыз дегендей. Менің жолдасым Өтениязов Аманбай да осы кәсіпорынның Қойма шаруашылығында 40 жылдай еңбек етіп, зейнетке шыққан. Қызым Айнагүл де біраз жылдан бері осында еңбек етеді. Өзім биыл зейнеткерлік жасқа жетіп, ұзақ жыл қызметтес болған ұжымымды қимай жүрген жайым бар ,-дейді Талшын Гинаятқызы.
- Талшын апай жасаған жұмысына өте жауапкершілікпен қарайтын, артынан адам жүргізбейтін тындырымды қызметкер. Өзінен кейін келген барлық жұмыскерлерге көкжелектің қыр-сырын үйреткен білікті маманымыз. Сондықтан, апаға ризалығымыз шексіз. Жақында құрметті демалысқа шығарып салмақпыз. Оған мықты денсаулық, отбасына амандық тілейміз,-деген тілегін арнады Шаруашылық жабдықтау бөлімінің мастері Майра Ерғалиева.
Биылғы жылды еліміздің Президенті «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялағаны белгілі. Қыстың суығына, жаздың аптабына мойымай қызмет етіп, маңдай тер төгіп жүрген жұмысшылардың еңбегі орасан. Атаулы жылы олардың еңбегіне қатысты шешімін күткен көп мәселе қолға алынады деген үміт бар.
Талшын Өтениязова да ұзақ жылдар қарапайым жұмысшы мамандар қатарында еңбек етіп, әріптестеріне сыйлы, ұжымдастары арасында абыройы биік шебер маман ретінде танылды. Ол 2013, 2015 жылдары комбинаттың Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Ал, 2016 жылы көп жылғы жемісті еңбегі үшін «Комбинаттың еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді. 2021 жылы «Комбинаттың еңбек ардагері» атағын иеленді.