«МАЭК» ЖШС спартакиадасы одан әрі жалғасуда. 15 қазан күні облыс орталығындағы «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінде комбинат қызметкерлері теннис ойындарынан жарысқа түсті. Жарысқа барлығы 5 команда қатысты. Командалар ойын шарты бойынша 3 адамнан, яғни 2 ер адам және 1 әйел адамнан құралған. Теннис айналым жүйесімен өткізіліп, қарсыластар барлығы 30 ойында бақтарын сынады. Нәтижесінде, алдына келген барлық командадан басым түскен Қауіпсіздік қызметінің командасы жарыс жеңімпазы атанды. Жүлделі 2 орынды Желілер және қосалқы станциялар цехы, 3 орынды Жөндеу зауытының командалары иеленді.
«Ойын өте қызықты әрі шиеленісті өтті. Сонымен қатар команда жанкүйерлерінің қолдауы да ойыншыларды жеңіске жетеледі. Біздің бұрынғы қызметкерлеріміз армреслингтен Азия чемпиондары Жазира Таңатар, Дана Дәрібай спорттық жарыстың қай түріне қатыссақ та жанкүйерлер арасында болады. Облыстық Теннис федерациясының басшысы Еркін Бурбасов та бұрын біздің Қауіпсіздік қызметінде еңбек еткен. Ол өз тарапынан МАЭК спартакиадасын осы спорт кешенінде тегін өткізуге мүмкіндік жасады. Бізді қолдаған жандардың бәріне және бүгін жеңіске жеткен өз командама алғыс айтамын!»,-деді жарыстың бас төрешісі, Қауіпсіздік қызметінің басшысы Қаныбек Шайдуллин.
Үстел теннисінен болған жарыста өз шеберліктері мен жоғары кәсібилігін көрсетіп, жүлдеге ие болған командаларды жеңісімен құттықтаймыз!