Ақтау қаласының «Маңғыстау арена» спорт кешенінде жұмысшы жастар арасындағы волейбол турнирі өткізілді. Екі күнге созылған турнирге облыс көлеміндегі өндірістік кәсіпорындардан 16 команда қатысып, бақтарын сынады. Өңкей мықты спортшылар қатысқан ойын қызықты әрі тартысты өтті. Нәтижесінде, талай жарыстарда алдына жан салмаған МАЭК командасы тағы да жүлделі 1 орынды жеңіп алды. 2 орынды КТЖ («Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ), 3 орынды КТО («КазТрансОйл» АҚ) командалары иеленді.
Волейбол турнирін Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма «Риза-Ана» қоғамдық қорымен бірлесіп «Аймақтағы өндірістік мекемелердегі жас мамандар кеңесінің жұмысын ұйымдастыру әлеуметтік жобасы» аясында өткізді. Атаулы шараның мақсаты облыс көлеміндегі кәсіпорындарда еңбек ететін жас мамандардың бос уақытын тиімді пайдаланып, спортпен айналысуын, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуын қолдау, жастар ұйымдарының жұмысын жандандыру болып табылады.
Турнир қорытындысында жеңімпаздар арнайы кубокпен, дипломдармен марапатталды.