Біз оны мақтан тұтамыз!

Марапат мерейді өсіріп, жұмысқа деген ынтаны арттыратыны сөзсіз. Азды-көпті еңбегің еленіп, жоғары бағаланып жатса одан асқан қызметкер үшін бақыт жоқ шығар. «МАЭК- Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-де қажырлы жұмыс жасап, өңірдің өркендеуіне үлес қосып жатқан жандар қаншама, соның бірі осы мекеменің Бас директорының қоғаммен байланыс  жөніндегі кеңесшісі – Қолғанат Нұржаубайұлы «Қаланың құрметті азаматы» атағына ие болды.                                            

Қолқанат Нұржаубайұлы  1970 жылы қазіргі Бейнеу ауданына қарасты Қызыләскер ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепті аяқтап, 1970-75 жылдар аралығында Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіріп, Ақтау (Шевченко) қаласында 1975-77 жж. ашылған облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі, директоры, 1977-1984 жылдары облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының басшысы қызметтерін атқарып Маңғыстаудың өлкетану, тарихын зерттеу ісіне елеулі еңбек сіңірді.

            1984-1987 жылдар аралығында Халық депутаттары Маңғышлақ облыстық атқару комитеті ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің нұсқаушысы, жалпы бөлім меңгерушісі, 1987-90 жж. Ақтау қалалық атқару комитеті төрағасының көмекшісі, 1990-93 жж.Маңғыстау облыстық атқару комитеті төрағасының көмекшісі, бақылау секторының меңгерушісі қызметтерін атқарды.

            1993-1999 жылдары Маңғыстау облыстық кеден басқармасы бастығының орынбасары, бастығы болып, облыста кеден ісінің аяғына тұрып, нығайып дамуына ат салысқан.

            2000-2002 жж. «Үш қиян» ЖШС төрағасы болып, Маңғыстауда тұңғыш «Үш қиян»  республикалық тәуелсіз  басылымының негізін қалаған, аймақтың шешуін күткен күрделі мәселелерін батыл көтеріп, өлкенің өсіп көркеюіне септігін тигізген.

            Қолқанат Нұржаубайұлы еңбек жолын 2002 жылдың қаңтар айынан бастап  Маңғыстау аймағын энергия ресурстарымен қамтамасыз етіп отырған ірі кәсіпорын                    бүгінгі «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-де жалғастырды. Ол қоғаммен, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс қызметін ұйымдастырып, соңғы он сегіз жыл бойы энергетикалық кәсіпорынның халық арасында оң имиджін қалыптастыру, тариф саясаты туралы ақпараттандыру мақсатында  бұқара халықпен байланысын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Алғашында оның ұсынысымен ашылған қоғаммен байланыс бөлімінде қазіргі таңда 3 адам қызмет етеді. Ұжымдастарының айтуынша ол қарапайым, орнымен қаталдығы бар басшы. Ол қоғамды қызықтыратын, алаңдататын сауалдарға дер кезінде жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, облыстық «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі, әлеуметтік желілердің блогері ретінде облысымыздың, қаланың әлеуметтік-саяси өміріне белсенді араласады.

            Қолқанат ағай Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Маңғыстау өлкесінің тарихы, әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөнінде республикалық «Егемен Қазақстан», «Халық»,  газеттері мен «Дарабоз», «Энергетик» журналдарында, облыста шығатын «Маңғыстау», «Огни Мангистау», «Тумба», «Лада» газеттерінде  үнемі мақалалар жазып, жариялап отырады. Оның қаламынан «Таушық – құт мекенім», «Емші», «Шәмбілдің шаңырағы» т.б. бірнеше кітаптар жарық көрді.

             Ол «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің «Комбинатқа еңбегі сіңген қызметкері», «Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының құрметті энергетигі», «Қазақстан Республикасының атом саласына еңбек сіңірген 3-дәрежелі қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған. Кәсіби жетістіктері және Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, кәсіпорынның дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте Маңғыстау облыстық атқару комитетінің Құрмет грамотасымен, Елбасының алғыс хатымен,  Президенттің Алғысымен, «Маңғыстау облысына 45 жыл», Ақтау қаласына 50 жыл», «Ақтау қаласына 55 жыл»  мерекелік медальдарымен, «Қазатомөнеркәсіпке 15 жыл», «50 лет МАЭК»   мерекелік төсбелгілерімен марапатталған.

            Қолқанат Нұржаубайұлы бес бала өсіріп тәрбиелеген үлкен жанұя басшысы, он төрт немере мен жиендердің сүйікті атасы. Оның екі ұлы Асқар мен Елдос Маңғыстау облысы құқық қорғау мекемелерінің белді қызметкерлері,  екі қызы Жанар мен Әсел «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-де еңбек етуде, ал бір қызы Гүлшынар Нұр-Сұлтан қаласында дәрігер боп жұмыс жасайды.

Оның Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының қоғамдық-саяси өмірі мен экономикалық даму ісіне сіңірген көп жылғы еңбегін ескере отырып қалалық маслихаттың 12 желтоқсан күнгі шешімімен Қолғанат Нұржаубайұлына «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

            «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағын иелену – үлкен қуаныш және үлкен жауапкершілік. Көп жылдық халық үшін, өңіріміздің өркендеуі үшін жасалған  еңбегімді елеп бағалап жатқан қала басшылығына алғыс білдіремін, - дейді Қолқанат Нұржаубайұлы.

Бұған дейін МАЭК Казатомөнеркәсіп ЖШС де бұл марапатты 1989 жылы мекеменің басшысы болған Дмитрий Сергеевич Юрченко және 2000 жылы бас инженер Петр Исаакович Назаренко алған.

Қолқанат Нұржаубайұлы облыс аймағындағы мәдени іс-шараларға да белсене араласып, ел құрметіне бөленіп жүрген сыйлы азамат. Ұжымдастары Қолғанат Нұржаубайұлын аталған марапатпен құттықтайды және  оған зор денсаулық, қажымас қайрат, табыс, ұзақ ғұмыр тілейді!

 

                                                                                                                                                                                                                                                                    

Айнұр Кобыланова

 

 

Attachments:
Download this file (IMG-20200109-WA0006.jpg)IMG-20200109-WA0006.jpg[ ]165 kB
Download this file (IMG-20200109-WA0006.jpg)IMG-20200109-WA0006.jpg[ ]165 kB

Добавить комментарий


Защитный код
Обновить

logo.png
МАЭК-Казатомпром
Сделаем мир светлее!

АДРЕС

ТОО "МАЭК-Казатомпром" Мангистауская область, г.Актау, Промзона 7, здание 65
e-mail: maek@maek.kz

Search