Персональные инструменты
Вы здесь: Главная Пресс-центры Архив новостей Қарыздан құтылсаң ұтасың

Қарыздан құтылсаң ұтасың

— Категория

«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үшін бүгінгі таңда шешуі қиын түйінді мәселелердің бірі электр, жылу энергиялары мен басқа да энергетикалық ресурстар үшін тұтынушылар тарапынан орын алып отырған төленбеген қарыздардың өсіп кетуі болып тұр.

             Төлемдердің уақтылы түспеуі кәсіпорынның құрал-жабдықтарын жаңалау мен оларға жөндеу жүргізу жұмыстарына кететін шығынды қысқартуға мәжбүрлеуде, қажетті отынды сатып алуда қиындықтар тудыруда, ал мұның барлығы аймақты энергиямен сенімді және үздіксіз қамтамасыз етумен тікелей байланысты екені даусыз.

            Тұрғындардың кәсіпорын алдындағы қарызы 400 миллион тенгеден асып кетті. Өз кезегінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-і қолданыстағы заңдық нормалар аясында тұрмыстық тұтынушылардың қарызын азайту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Осындай шаралардың бірі қарызды сот орындарына жүгіну арқылы төлеттіру болып отыр.

            Мәселен, сот орындары шығарған актілер негізінде мемлекеттік сот орындаушылары сот шешімін мәжбүрлеп орындаттыру ісін қозғайды. Айта кетер бір жайт, Маңғыстау облыстық сот актілерін орындау департаментіне бүгінгі күні құны 147 миллионнан асатын 1003 құжат тапсырылған. Сот актісін орындауға тиісті болған азаматтарға қарызын өтеу үшін арнайы мерзім беріледі. Бұдан нәтиже болмаған жағдайда борышкерлердің Қазақстан Республикасы аймағынан шығуына шектеу қойылады, мүліктері, мысалы автокөлігі, есеп шотындағы ақшалары, құнды қағаздары тұтқындалып алынып саттыққа шығарылады, еңбекақысы мен зейнетақысынан қарыздарын ұстап қалады. Сот актісін орындату барысында борышкер әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.

            Қазіргі кезде Ақтау қаласында энергоресурстар мен су үшін қарызға белшесінен батқан жандардың тұрмыстық техникаларын тұтқындап алып қою шаралары іске асырылуда. Осы жылғы мамыр айында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-не бережақтары үшін Маңғыстау облысы мемлекеттік сот орындаушылары бірқатар тұтынушылардың мүліктерін (тұрмыстық техникаларын) тізімге алып тәркілеуді жүзеге асырды. Олар: Ақтау қаласының 3-9-1 мекенжәйінде тұратын, қарызы 87 мың теңгені құраған Серікбаев Б.Б., 8-шағынауданның 21-үйінің 55-пәтерінде тұратын 180 мың теңге қарызы бар Аминов Б.Б., Наушабаев К.А., Аминова Н.Б., 5-22-12 тұрғыны 99 828,41 теңге бережақ иесі Нұрсұлтанова С.

            Бұлардан да басқа мемлекеттік сот орындаушылары 869 мүлікті қамауға алды. Ол мүліктер қамауға алынғаннан кейін сот орындаушыларының қолында сақталады. Борышкерлер қарызын өтемеген күнде бұл мүліктер оларды саттыққа шығаратын арнаулы мекемелердің қолына өткізіледі. Энергетикалық комбинаттың заңгерлері тұтынылған энергоресурстар үшін қарыздар көлемін неғұрлым азайту мақсатында одан әрі жалғастыра бермек. Бұл жолда аталған іс-шаралардан басқа борышкерлердің қарызы туралы ақпаратты несиелендіру мекемелеріне хабарлап, банктерді құлағдар ету, сол арқылы борышкерлердің несие алу мүмкіндіктеріне шектеу қою мүмкіндігі де қарастырылуда.

            Пайдаланылған энергоресурстар үшін төлемақыны уақтылы төлеп, қарыздарды қордаландырмау әр тұтынушының өз мүддесіне қызмет ететінін естен шығармайық, ағайын!

 

 

                                                         «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС баспасөз қызметі

 

Действия с Документом